Министр Қосшы қаласындағы мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты
Президенттің тапсырмасымен әзірленген «Жайлы мектеп» жобасы аясында келесі жылы 11 000 орындық тағы 3 мектептің құрылысы басталады (екі ауысым). Бұл оқушылар орнының жетіспеушілігі мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Оғу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook желісіндегі парақшасына жазды.
Министр Қосшы қаласы, Талапкер ауылы және Үркер шағын ауданындағы үшауысымды және оқушы орындарының тапшылығы бар мектептерді аралады. Сондай-ақ қазір жұмыс істеп тұрған мектептердегі оқушы санын реттеу мақсатында салынып жатқан жаңа мектептердің құрылыс жұмысымен және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2023 жылы мектеп құрылысы басталатын орындармен танысып шықты.
Заңды түрде мектеп салу және оған бюджеттен қаржы бөлу әкімдіктердің құзырында. Оларды жобалау, құрылыс мекемелерін таңдау жұмыстарымен де жергілікті құрылыс басқармалары айналысады. Алайда бұл мәселені бақылауда ұстау маңызды, – деп жазды министр.
Оның айтуынша, Қосшыда биылғы қыркүйек айында 1 200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Қазір мұнда тағы екі жаңа мектеп салынып жатыр. Олар 2023 жылдың жазына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Құрылыс жұмыстарымен таныстым. Президенттің тапсырмасымен әзірленген «Жайлы мектеп» жобасы аясында келесі жылы 11 000 орындық тағы 3 мектептің құрылысы басталады (екі ауысым). Бұл оқушылар орнының жетіспеушілігі мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге 2023 жылы Талапкер ауылында «Жайлы мектеп» аясында екі мектеп 4800 орынға, Қажымұқан ауылында бір мектеп 1800 орынға салу жоспарда бар (екі ауысым). Бұл оқушы орнының тапшылығы мәселесін толығымен шешеді, – деді Асхат Аймағамбетов.
Сонымен бірге ведомство басшысы Үркердегі №69 мектеп-гимназиясына барып, оқу кабинеттерін, психологиялық-педагогикалық түзету, робототехника кабинеттерін аралап шыққанын жеткізді.
Мұғалімдермен әңгімелестім. Бұл мектепте 28 бала инклюзивті білім алады. Мектеп үшауысымды. Оған жақын жерден 2023 жылы «Жайлы мектеп» аясында 2 000 орындық жаңа мектептің құрылысы басталады, – деп жазды министр.