Halyq Uni логотип
×

Қызылорда облысында мектептерден 430 млн теңге ұрланған

Аудандағы басқа білім ордалары да тексеріледі

 Дәурен Ерболат 28.10.2022 | 17:19
Қызылорда облысында мектептерден 430 млн теңге ұрланған
фото: ОКҚ

Қызылорда облысында мектептерден 430 млн теңгені жымқыру дерегі анықталды. Бұл туралы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, биыл 9 айда 1 851 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 288 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылық анықталды.

Оның 10 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды. 29 млрд теңгенің тауарлары жеткізіліп, қызметтер көрсетілді. 233 млрд-тан аса теңгеге бухгалтерлік есеп бойынша кемшіліктер сәйкестендірілді. Аудит объектілеріне 1 638 ұсыныс беріліп, олардың 70%-ы орындалды. 6 901 материал бойынша әкімшілік іс қозғалды. 605 млн-нан аса теңгеге айыппұл салынды. Бүгінде оның 587 млн теңгесі немесе 97%-ы бюджетке төленді, - деді Ержан Мыңжасаров ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ 1595 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған әрі 150-ге жуық материал құқық қорғау органдарына жіберілген.

«Бүгінде 80 материал бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мысалы, Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінде орындалмаған жұмыстар жалпы 520 млн-ға жуық теңге бюджет қаражатының негізсіз төленгені анықталды. Қазір қаржының 441 млн теңгесі бюджетке қайтарылды. Аудит материалдары құқық қорғау органдарына беріліп, қылмыстық іс қозғалды», - деді комитет төрағасы.

Сондай-ақ Ержан Мыңжасаров Қызылорда облысындағы мектептерден ақша жымқыру дерегі анықталғанын жеткізді.

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы бірнеше мектепте тексеру жүргізіліп жатыр. Қазір 430 млн-нан аса теңге сомасында бюджет қаражатын ұрлау фактісі анықталды. Қаржылық заңбұзушылықтарға жүйелі негізде жол беріліп келген. Сондықтан осы аудандағы мектептерді тексеру жоспарланып отыр. Материал тиісті құқық қорғау органдарына жіберіледі, - деді ол.

Жыл басынан бері комитетке әртүрлі саладан 30 мыңға дейін өтініш түскен. Оның 22 мыңнан астамы – мемлекеттік сатып алу рәсіміне шағымданған заңды тұлғалар. Қалған жеке тұлғалардан түскен 5 мыңнан аса өтініш қаралған.

«Өтініштердің басым бөлігі әлеуметтік құрылыс, білім беру, көлік және медицина саласында бюджет қаржысын жұмсау мәселесіне қатысты. Түскен өтініштің басым бөлігі қанағаттандырылды. Мысалы, Шымкент қаласы мен Ақтөбе облысындағы балабақшаларда бас бухгалтерлердің қолма-қол ақша алу үшін 19 млн теңгені өздеріне және сол жерде жұмыс істемейтін туыстарына негізсіз аудару фактісі анықталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде бұл соманың 5 млн теңгесі өтелді. Аудит материалдары экономикалық тергеу департаменттеріне жіберілді», - деді Ержан Мыңжасаров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама