Ол ұйымдағы мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды
Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстанның ТМД-ға төрағалығын қорытындылады деп хабарлады Үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Іс-шараға Әзербайжанның Үкімет басшысы Али Асадов, Беларусь премьер-министрі Роман Головченко, Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров, Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустин, Тәжікстан премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов, сондай-ақ Армения премьер-министрінің орынбасары Мгер Григорян, Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамырат Гельдимырадов қатысты.
Әлихан Смайылов өткен жылдары ТМД елдері мүдделер теңгерімін сақтай отырып, өзара сенім мен прагматизмге негізделген көп қырлы ынтымақтастыққа қол жеткізгенін атап өтті.
«Біздің өзара қарым-қатынасымыз әлемдік экономикада қалыптасып отырған жағымсыз үрдістерді азайтуға мүмкіндік беріп, тиімді әріптестікті дамытуға ықпал етеді. Ұйым аясында қабылданған шаралардың арқасында білім беру, медициналық-әлеуметтік және азаматтық-құқықтық сипаттағы көптеген мәселелер оң шешімін тапты», — деді премьер-министр Астанада өткен ТМД үкімет басшылары кеңесінің отырысында.
Оның айтуынша, Қазақстанның төрағалығы аясында барлық басым бағыттағы ынтымақтастықты тереңдету бойынша нақты жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, сауда-экономикалық салаға ерекше назар аударылды.
Өзара іс-қимыл негізінен пандемияның зардаптарын азайту бойынша келісілген шараларды жүзеге асыруға бағытталды. Бүгін біз оның нақты нәтижесін көріп отырмыз, яғни мемлекеттеріміздің экономикасы біртіндеп қалпына келіп, іскерлік белсенділік арта түсуде, - деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы ТМД шеңберінде туындайтын проблемаларға бірлесіп ден қою керегін атап өтті. Ол өзара инвестицияны ынталандыруды, өнеркәсіп кооперациясын тереңдетуді, кедендік реттеуді жеңілдетуді, жаңа логистикалық тізбектерді қалыптастыруды және цифрлық технологияларды енгізуді көздейді.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, ТМД кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, оның ішінде ақпараттық саладағы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл және мәдени-гуманитарлық саладағы, атап айтқанда, білім беру мекемелерінің желісі бойынша өзара байланыстарды дамыту бағытында белсенді жұмыс жүргізілді.
«Жалпы Қазақстанның биыл Тәуелсіз мемлекеттер достастығына төрағалық етуінің барлық жоспарланған іс-шарасы толық көлемде орындалды», — деп түйіндеді Үкімет басшысы.