×

Тоқаев ТМД елдеріне тең қарым-қатынасты қалыптастыруды ұсынды

Астанада Достастықтың Үкімет басшылары жиналды

 Дастан Жұмабекұлы 28.10.2022 | 12:16
фото: ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД Үкіметтері басшылары кеңесінің мүшелерімен кездесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Кездесуге премьер-министрі Әлихан Смайылов, Әзербайжан Республикасының Үкімет басшысы Әли Асадов, Беларусь Республикасының премьер-минимстрі Роман Головченко, Тәжікстан Республикасының Үкімет басшысы Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасының премьер-министрі Абдула Арипов, Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамұрат Гелдімурадов және ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысты.

Президент ТМД елдері делегацияларының басшыларына ілтипат білдіре отырып, экономикалық серіктестікті кеңейту үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

«Жуырда ТМД-ға мүше елдердің басшыларының саммиті өтті. Біз өзара ынтымақтастықты арттыруға, экономиканың әлеуетін нығайтуға деген ортақ ниетімізді білдірдік», – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев шиеленісе түскен геосаяси қайшылықтарға, әлемдік экономикадағы тұрақсыздыққа назар аудара отырып, бірқатар тиімді шара қабылдауға шақырды.

«Бұл ретте өзара сауда-экономикалық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Өздеріңізге мәлім, Қазақстанның биылғы төрағалығы аясында ТМД-ның 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясының міндеттерін белсенді жүзеге асыру ісі жалғасты. Халықаралық нарықтағы дағдарыс жағдайына қарамастан, экономикамыз біртіндеп қалпына келе бастады», – деді президент.

Мемлекет басшысы кедергілерді жоюға, протекционизмге жол бермеуге, қолайлы тарифтік шарттар қалыптастыруға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелеріне де тоқталды. Атап айтқанда, Еуразия нарықтарына жаңа мүмкіндіктер ашатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының болашағы бар екенін жеткізді.

«Бұл мәселенің өзектілігі артып келеді.  ТМД-ға мүше мемлекеттер қолда бар әлеуетті дамыту үшін бірлесіп жұмыс істейтін болады. Атап айтқанда, Иранға, Парсы шығанағы мен Үндістанға шығатын «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты бойынша сауда-саттықты өркендету маңызды», – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Астанада өтіп жатқан ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің отырысы Достастыққа мүше елдердің алдында тұрған міндеттерді шешуге өз үлесін қосатынына сенім білдірді.

Осыдан кейін ТМД Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы басталды.

Оған Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов, Әзербайжан Үкіметінің басшысы Али Асадов, Беларусь премьер-министрі Роман Головченко, Тәжікстан Үкіметінің басшысы Кохир Расулзода, Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов, Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров, Армения премьер-министрінің орынбасары Мгер Григорян және Түрікменстан Министрлер кабинеті басшысының орынбасары Ходжамырат Гелдімурадов қатысуда.

ТМД Үкімет басшылары кеңесінің Астанадағы кезекті отырысы қарсаңында Әлихан Смайылов Беларусь премьер-министрі Роман Головченкомен кездесті.

Кездесуде Беларусь нарығына шығарылатын экспорттың көлемін көбейту мәселесі талқыланды. Осыған байланысты Үкімет жақын арада Беларусь басшылығының қарауына жіберілетін әлеуетті экспорттық тауарлар тізбесін жаңартты.

Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша елдер арасындағы тауар айналымы 20%-ға өсті.

«Қазіргі таңда біз әртүрлі салаларда шикізаттық емес тауарлардың 105 түрін жеткізу мәселесін бірлесіп пысықтауға дайынбыз», — деді Әлихан Смайылов.

 Екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі – өнеркәсіп кооперациясы. Бүгінгі таңда 1,5 мың жұмыс орнын құра отырып, бірлескен 7 жоба іске қосылды, тағы 2 жоба іске асыру сатысында.

 Өз кезегінде Роман Головченко ауыл шаруашылығында, атап айтқанда, Қазақстанда Беларусь технологиялары бойынша тауарлы сүт кешендерінде бірлескен жобаларды іске қосудың перспективаларын атап өтті.

Жалпы, Беларусь премьер-министрі екіжақты қатынастардың барлық саласы бойынша өзара іс-қимылды мақсатты түрде нығайтуға дайын екенін айтты.

Осыдан кейін тараптар ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысында жолықты.  

Іс-шараны премьер-министрі Әлихан Смайылов кіріспе сөзбен ашып, Қазақстан ТМД шеңберіндегі өзара тиімді әріптестікті тереңдету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға беретінін атап өтті. 

«Бүгінгі қиын жағдайда Достастықтың жұмысы бір орында тұрған жоқ, ынтымақтастық үшін жаңа бағыттар қарастырылуда», — деді ол. 

Сондай-ақ премьер-министр ТМД Атқару комитетінің төрағасы – атқарушы хатшысы Сергей Лебедевті келесі үш жылдық кезеңге тағайындалуымен құттықтады.

 Шағын отырыста қатысушылар экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылайды және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама