Көкшетауда бірнеше мектепке бомба қойылғаны хабарланды
Мектеп аумағы қоршауға алынып, оқушылар, оқытушылар құрамы және мектеп әкімшілігі эвакуацияланды
Жарылғыш құрылғылардың салынғаны туралы хабарлама алған полицейлер Көкшетау қаласының мектептерін тексеріп жатыр деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, бүгін полиция басқармасының жедел басқару орталығына №3 «Дарын» мектеп-интернатында жарылғыш құрылғы жасырылғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Көрсетілген мекенжайға полиция қызметкерлері мен басқа да шұғыл қызметтер дереу барды. Мектеп аумағы қоршауға алынып, оқушылар, оқытушылар құрамы және мектеп әкімшілігі эвакуацияланды. Жарылыс техниктері мен кинологтар мектепті толық зерттеп, нәтижесінде жарылғыш құрылғылар табылған жоқ.
Кейін полицияға басқа орта білім беру ұйымдарында жарылғыш құрылғылар бар екендігі туралы хабарламалар келіп түсті. Онда да тиісті қызметтер тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Полиция азаматтардан дүрбелеңге түспеуді, жалған ақпарат таратпауды және тек ресми ақпаратқа сенуді сұрайды.