Әлімханұлы ешкімнен жеңілмеген боксшымен жекпе-жекке шығады
Хайме Мунгия 32 кездесуді нокаутпен жеңіп, WBO рейтингінде топ бастап келеді
Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының командасы Instagram желісінде спортшының алдағы жоспары туралы хабарлады.
«WBO президенті Пако Валькарсель Әлімханұлын орта салмақта WBO белбеуін мексикалық Хайме Мунгияға қарсы қорғауға міндеттейтінін мәлімдеді. Егер Жәнібек 12 қарашада британиялық Дензел Бентлиді жеңсе, мексикалық боксшымен қолғап түйістіруі мүмкін», – делінген хабарламада.
Мунгия WBO рейтингінде бірінші орында келеді. Ал Жәнібек Әлімханұлы британиялық Бентлимен жекпе-жекте алғаш рет чемпион атағын қорғайды.
Жәнібек Әлімханұлы 12 қарашада болатын айқас туралы Instagram-да жазба қалдырды.
«Құдай қаласа 30 раунд спарринг қалды. Жекпе-жекке дайындық қызу жүріп жатыр.
Иә, бұл шоуда қарсылас барын салатынын білемін. Себебі оған чемпион болуға үлкен мүмкіндік туып тұр. Сол үшін де аянып қалмайды. Біз бұл жекпе-жекке 100% дайын болып шығуымыз керек. Елемеген бұтақ көз шығаратынын жақсы білеміз. Қарсыласты зерттедік. Осал тұстарын анықтадық. Бұйыртса бұл жекпе-жек те оңай болады!
Құдай қаласа жеңісті күндерде жолығайық!», – деді ол.