×

СҚО-да сібір елігін заңсыз аулаған төрт адам оқиға орнында ұсталды

Оқиға Қызылжар ауданында болған

 Самат Жақып 28.10.2022 | 09:08
Фото: ашық дереккөз

Солтүстік Қазақстан облысында екі бірдей сібір елігін атқан браконьерлер ұсталды. Бірнеше адам жануардың етін мүшелеп жатқан жерінде қолға түскен, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оқиға Қызылжар ауданында болған. Тұрғындардың бірі 102 телефонына хабарласып, «Kia Sorento» жол талғамайтын көлігін мінген адамдар Жалтыр көлінің маңында жануардың етін мүшелеп жатқанын хабарлаған.

Аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы бірден су қоймасының аумағына жетіп, төрт адамды ұстады.

Тексеру барысында полиция қызметкерлері оқиға орнынан екі пышақ, «Вепрь» маркалы карабин, тегіс ұңғылы мылтық және түрлі оқ-дәрі тәркіледі. Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 337-бабының 4-бөлігі («заңсыз аңшылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Ұсталғандар бірден уақытша ұстау изоляторына қамалды.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір тиісті сараптама тағайындалды. Істің мән-жайын жан-жақты зерделеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Ал оның нәтижесі  бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде ұсталғандардың үшеуі Ұлттық қауіпсіздік комитетініде, енді бірі ішкі істер органдарында жұмыс істейтіні туралы ақпарат тарады. Алайда қазірге дейін жауапты мекеме бұл ақпаратты растамады және жоққа да шығармады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама