Әлеуметтік көмірді 7 облыста мобильді қосымша арқылы сатып алуға болады

Динара Амантай

Тауарды 3 айдан 6 айға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік бар

Фото: Halyq Uni

Елімізде 7 өңірдің тұрғындары әлеуметтік көмірді банктің мобильді қосымшасы арқылы сатып ала алады деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Halyk Market платформасына операторларды қосу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Бүгінде еліміздің 11 өңірлік операторы Halyk Market платформасы арқылы көмірді саудалай алады. Ендігі кезекте жаңа пилоттық жобаға Қызылорда, Жамбыл, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы қосылды.

Еске сала кетсек, Halyk Homebank банктік қосымшасы арқылы Halyk Market бөлімінде көмірді сату нүктесін, қажетті маркасы мен көлемін таңдап, онлайн төлем жасауға немесе тауарды 3 айдан 6 айға дейін бөліп төлеуге болады. Аталған заманауи шешім қатты отынды тікелей көмір тұйығынан кезексіз сатып алуға әрі жылыту маусымына дайындықты айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Интернет арқылы сатып алынған көмірдің сапасы көңілден шықпаған жағдайда, сатып алушылар тауарды қайтарып беруге құқылы екенін атап өткен жөн. Жүктелетін көмірдің сапасына көз жеткізгеннен кейін тұрғындар қатты отынды өздеріне ыңғайлы уақытта алып кете алады.