Қайрат Құдайберген мен «Дикий Арман» рақымшылыққа іліге ме?
Қаңтар оқиғасы кезінде 20 адамға жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деп айып тағылған
Бас прокурордың орынбасар Әсет Шындалиев «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев, кәсіпкер Қайрат Құдайберген рақымшылыққа ілінбейтінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысынан шыққан Бас прокурордың орынбасарына «Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылар деген санатқа кімдер жатады? Қайрат Құдайбергенов, «Дикий Арман» осы санатқа жата ма? Олар рақымшылыққа іліге ме?», - деп сұрақ қойды.
Әсет Шындалиев бұл іс тергеліп жатқанын, олар рақымшылыққа ілінбейтінін айтты.
Бізде жалпы 20 шақты адамның ісі (қаңтар оқиғасы кезінде – авт.) жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы болып сараланған. Олар рақымшылыққа ілінбейді. Тек қана қатысушылар рақымшылыққа ілігеді. Қаңтар оқиғасында қылмыс жасағандардың басым бөлігі қатысушылар болып саналады. Олардың саны шамамен 700 адам. Олардың бәрі рақымшылыққа ілігеді, ал жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған 20 адам рақымшылыққа ілінбейді. Қазір оған (Қайрат Құдайбергенге – авт.) қазір сондай (жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырушы – авт.) айып тағылып тұр, - деді Бас прокурордың орынбасары.