×

Хаменова соты кейінге қалдырылды: судья себебін түсіндірді

Келесі сот отырысы 31 қазанда өтеді

 Халық үні 27.10.2022 | 11:35
Halyq Uni

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот отырысы тағы да кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл жолы тараптардың жарыссөзін кейінге қалдыруға Бақытгүл Хаменованың адвокаты Игорь Вранчевтің өтініші себеп болған. Адвокат денсаулығына байланысты сот отырысын келесі аптаға ауыстыруды сұраған.

Соған байланысты сот тараптардың жарыссөзін 31 қазанға ауыстырды.

БАҚЫТГҮЛ ХАМЕНОВА ІСІ

2021 жылдың желтоқсанында сол кездегі Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.

Келісімшарт облыстық мәдениет басқармасы мен «Балқыту» ЖШС арасында жасалған.

2021 жылдың 12 желтоқсанында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу шарасын қабылдаған. 22 желтоқсанда Атырау облыстық соты екі айға қамауға алу туралы шешім шықты.

Хаменоваға қатысты қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотына 2022 жылдың 31 мамырында түсті. Сот процесі 3 тамызында басталды.

Процесс басында бұл істе Бақытгүл Хаменова және Ақылбек Рысқалиевтен бөлек үшінші айыпталушы бары белгілі болды. Бұл – «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов. 

Сот отырысына судья Жұмабек Тәшімов төрағалық етеді. Мемлекеттік айыптаушы – Атырау облысы прокуратура басқармасының прокуроры Лаура Асанова.

Екінші сот отырысында прокурор айыптау актісін оқыды

Кезекті сот отырысының бірінде Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты

«Антикор маған келген алғашқы күннен кейін-ақ «кінәні мойындап, процессуалдық келісімге келіп, балаларыңызға барыңыз» деді. Егер осы шартты орындасам, олар сотпен мәселені шешетіндеріне, бас бостандығымнан айырылмайтыныма уәде берді. Егер менің тиіттей де кінәм болса, мен келісер ме едім? Бірақ менің арым таза, маған тағылған айыппен ешқашан келіспеймін», - деді Хаменова сот отырысында.

2022 жылдың 13 қазанында тараптардың жарыссөзі басталуы керек еді. Алайда жарыссөз басталмастан бұрын айыпталушының бірі – Ақылбек Рысқалиев бұған дейін сотта берген жауабын өзгертіп, Хаменованың пара алу-беру туралы білмегенін жеткізді. Ол өзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері қысым жасағанын айтты.

21 қазандағы сот отырысында мемлекеттік айыптаушы істе жаңа мән-жайлардың пайда болғанына байланысты сот тергеуін қайта бастауды сұрады. Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлерінен онлайн форматта жауап алынды.

Halyq Uni Рысқалиевтің соттағы мәлімдемесіне қатысты агенттікке ресми сауал жолдады.

«Агенттік қызметкерлері қылмыстық істі тергеу барысында аталған тұлғаларға қатысты заңсыз тергеу тәсілдерін қолдануға жол берген жоқ», - делінген ресми жауапта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама