Қаңтар оқиғасы: рақымшылық жасалғандарға шығынды өтеу туралы талап қойылмайды
1 500 адам рақымшылыққа ілігеді
Сенат депутаттары «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасын қабылдады деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутат Ләззат Сүлейменнің айтуынша, құжат президенттің қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жасау туралы тапсырмасын іске асыру үшін әзірленген.
«Заң жобасы теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандарды жазадан толық босатуды көздейді. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Алайда бұл шараны қылмыс жасағандарды ақтау немесе кінәсіз деп тану ретінде түсінуге болмайды. Бұл шара – қаңтар оқиғасына қатысушыларды жазадан босату туралы президенттің шешімі. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімін қысқарту көзделген. Ауыр қылмыстар үшін – сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар үшін мерзімінің жартысы қысқарады. Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толық жазаны өтеуден босатылады. Жалпы рақымшылық 1 500-дей адамды қамтиды», - деді сенатор.
Оның пікірінше, рақымшылыққа ілінетіндер заңсыз үгіт-насихатқа еріп, ұрлық, бүлік, өртеу жасағандар. Бұл адамдар сотпен жазаның неғұрлым жеңіл түріне тартылады.
Заң жобасы негізінде босатылатын адамдарды әлеуметтендіру көзделеді.
Бұл бағытта уәкілетті органдардың бұрын өткізілген рақымшылықтар барысында жинақтаған тәжірибесі бар. Соған сәйкес тиісті жұмыс атқарылады, - деді ол.
Рақымшылыққа террористер, экстремистер, рецидивистер, азаптау жасағандар, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар, мемлекетке опасыздық жасағандар ілінбейді.
Сонымен қатар Ләззат Сүлеймен заңның ерекшеліктеріне тоқталды.
«Бұрын болған рақымшылық кезінде айыпталушы міндетті түрде келтірілген шығынды өтеуге тиіс еді. Бұл жолы келтірілген залал өтелген соң ғана рақымшылық жасалады деген талап қойылмайды. Алайда мүлік иесі материалдық шығынды сот арқылы азаматтық-құқықтық тәртіпте өндіріп алуға құқылы. Бұған дейін қалыптасқан тәжірибе бойынша бас бостандығынан айыру мекемесінде жазасын өтеп жатқан адамға рақымшылық жасау үшін міндетті түрде оның жүріс-тұрысы ескерілетін. Жазаны өтеу тәртiбiн қасақана бұзушы сотталған адамдарға рақымшылық қолданылмайтын. Ұсынып отырған заң жобасында ондай талаптар жоқ», - деді депутат.
Сондай-ақ ол алдағы уақытта қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстар ашылатын болса, осы заң жобасында көзделген баптарға сәйкес рақымшылық жасалатынын атап өтті.
Заң жобасы қабылданды.