Түркі мемлекеттерінің инвестициялық қоры құрылады
Саммитке дайындық барысы талқыланды
Түркі мемлекеттері ұйымының (TМҰ) бас хатшысы Бағдад Әмреев Өзбекстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Джамшид Ходжаевпен кездесті.
Кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Осы жылдың қараша айында Самарқандта өтуі жоспарланған Түркі мемлекеттері ұйымының бірінші саммиті, ТМҰ Экономика және сауда министрлерінің 11-отырысы мен кеңес аясындағы ірі іс-шараларға дайындық мәселелері қаралды.
Ұйым аясында сауда, инвестициялық және қаржы салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективалары қарастырылды. Бiрлескен инвестициялық қор құру туралы келiсiмге қол қою процесiн жеделдетуге өзара мүдделiлiк танытылды.
«Түрік мемлекеттерінің сауда ынтымақтастығы ғылыми-зерттеу орталығы» мен «Инженерлік және технологиялар орталығын» құру бастамаларын іске асырудың нақты шаралары белгіленді, – делінген хабарламада.
ТМҰ елдері арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды одан әрі нығайту үшін бұл бастамаларды іске асырудың маңыздылығы атап өтілді.