Halyq Uni логотип
×

2 тәулік ішінде 350 шақырымды жүгіріп өткен әскери қызметшінің есімі Қазақстанның Рекордтар кітабына енгізілді

3-сыныпты сержант Рауан Әбілханов 47 сағат 23 минутта межелі қашықтықты жүгіріп өтіп, рекорд орнатты

 Халық үні 26.10.2022 | 23:55
2 тәулік ішінде 350 шақырымды жүгіріп өткен әскери қызметшінің есімі Қазақстанның Рекордтар кітабына енгізілді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Құрлық әскерлері әскери институтының «Әли» оқу-жаттығу орталығы қамтамасыз ету ротасы жауынгерлік көлігінің командирі 3-сыныпты сержант Рауан Әбілханов ультрамарафонды сәтті аяқтады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Республика күні қарсаңында ол «Әли» оқу-жаттығу орталығынан Алматы облысының Шелек ауданы бағытында 48 сағат ішінде 350 шақырымды жүгіріп өтемін деп сөз берген еді.

26 қазанда марафоншыны мәре сызығында институт басшылығы, әріптестері, туыстары мен достары қарсы алды.

«Табандылық пен жеңіске деген ерік-жігердің арқасында 3-сыныпты сержант Рауан Әбілханов 47 сағат 23 минутта межелі қашықтықты жүгіріп өтіп, рекорд орнатты. Рауан өз мақсатына жетуде бар күш- жігерін аямаған нағыз жауынгер», – деді әскери институт бастығының бірінші орынбасары подполковник Жәнібек Сарғазин

Рауан Әбілхановтың жеңіл атлетикамен айналысқанына он жылдан асыпты. Рекордсмен Алматыда және еліміздің Қарулы күштерінде өткен бірнеше марафонның жеңімпазы.

«Бұл менің ғана емес, барлық әріптестерімнің, туыстарымның, достарымның жеңісі. Олардың сенімі мен үмітін ақтау үшін бар күш-жігерімді салдым», – дейді 3-сыныпты сержант Рауан Әбілханов.

Марафоншының құрметіне өткен салтанатты жиында Қазақстанның Рекордтар кітабының өкілдері оған тиісті сертификат табыс етті. Ал достары Kia Rio автокөлігін сыйға тартты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама