«Coca-Cola ішіп, шіріген банан жеген». Рудныйдағы 6 жасар егіздер өліміне қатысты тың дерек шықты
Әжелерінің қарауында қалған жеткіншектер сол ауырған күні «Coca-Cola» ішіп, қабығы қарайып кеткен банан және белгісіз шоколад жеген
Рудныйлық 6 жасар Әділ мен Мирастың оқыс өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды, деп хабарлайды Экспресс К.
Естеріңізге салайық, Қостанай облысының Рудный қаласында егіз жеткіншектер 12 қазан күні белгісіз дертпен ауруханаға түскен. Аурудың диагнозы анықталмаған. Бірақ балалар өздерін жақсы сезінген соң үйлеріне жіберілген.
Алайда олар ертеңіне кешкі сағат 20:30-да көз жұмды. Осы дерек бойынша тексерістер жүргізілген еді. Енді полицейлер бір тоқтамға келіп отыр.
«Қылмыстық іс ҚК 306-бабы (Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату) және 317-бабы (Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы) бойынша жүргізіліп жатыр», - дейді облыстық ПД баспасөз қызметі.
Токсикологиялық сараптама әлі аяқталған жоқ. Қазір белгілі болып отырғандай, әжелерінің қарауында қалған жеткіншектер сол ауырған күні «Coca-Cola» ішіп, қабығы қарайып кеткен банан және белгісіз шоколад жеген. Таяу күндері жария болатын сараптама қорытындысы егіздер қазасының нақты себебін анықтайды.
Айта кетейік, 14 қазанда Рудныйда 2016 жылы туған ағайынды екі бала ауруханадан шыққаннан кейін 12 сағаттан соң қайтыс болғаны хабарланды.
Кейін егіз балалардың есірткіден уланған болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды.