Ақтөбеден Дубайға алғашқы әуе рейсі орындалды
Жалпы, Ақтөбе халықаралық әуежайы 5 жаңа бағытты іске қосты
Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайдан Дубайға алғашқы рейс орындалды. Ақтөбеден Біріккен Араб Әмірліктеріне бағытталған жолаушылар рейсін FlyArystan әуе компаниясы жүзеге асырды деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Airbus A320 ұшағы Дубайға 180 жолаушыны жеткізеді. Рейстер аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері орындалады.
Жалпы, Ақтөбе халықаралық әуежайы 5 жаңа бағытты іске қосты. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен келіссөздер нәтижесінде Пхукет, Дубай, Ташкент, Самара және Орал қалаларына әуе рейстерін ашу туралы келісімге қол жеткізілген.
Әуе айлағының шекарасын кеңейту жұмыстары жалғасады: осы жылдың соңына дейін бағдарлық желіні тағы 2 бағытқа ұлғайту жоспарланып отыр, - деп хабарлады әкімдік өкілдері.
Еске сала кетсек,19 қазанда Scat әуе компаниясы Ақтөбе – Пхукет – Ақтөбе бағыты бойынша рейстерді іске қосқан болатын. 1 қарашадан бастап Qazaq Air Ақтөбе – Орал – Ақтөбе бағыты бойынша жолаушылар тасымалдайды. Сонымен қатар, қараша айында Ташкент пен Самараға әуе рейстері ашылады деп жоспарланып отыр.