Шавхат Өтемісов Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болды
Сенат Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Серік Сыдықовты қызметінен босатты. Палата спикері Мәулен Әшімбаев Серік Сламжанұлына Орталық сайлау комиссиясының мүшесі ретінде атқарған жұмысы үшін алғыс айта отырып, қызметіне табыс тіледі.
Серік Сыдықов 1962 жылы туған. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Парламентте 1995 жылдан бері жұмыс істеген. Сенат аппараты құқықтық сараптама бөлімінің консультанты, сектор меңгерушісі, сараптама бөлімі меңгерушісінің орынбасары, әкімшілік бөлімінің меңгерушісі, Сенат аппараты басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.
Конституциялық нормаларға сәйкес, палата төрағасы Орталық сайлау комиссиясы мүшесі қызметіне Шавхат Өтемісовтің кандидатурасын ұсынып, оны Сенат депутаттары қолдады.
«Осы құқықты пайдалана отырып, Орталық сайлау комиссиясы мүшесі қызметіне Шавхат Өтемісовтің кандидатурасын ұсынамын. Шавхат Әнесұлы еңбек жолын ауылдық мектептік мұғалімінен бастап, аудан әкімі, облыс әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды. Ұзақ жылдар Мәжіліс депутаты болып, заң шығару ісіне белсенді атсалысты. Осыған дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі аппаратының басшысы болып жұмыс істеп келді. Оның біліктілігі мен мемлекеттік қызметте және Парламентте жинаған мол тәжірибесі Орталық сайлау комиссиясының жұмысына тың серпін береді деп сенемін», - деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, Шавхат Өтемісов 1963 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1985 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын, 2000 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған.