Бұл шара өңірлерде де жалғасады
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік туды салтанатты түрде көтеру шарасына қатысты, деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі.
Шара президенттің қатысуымен «Ақорда» резиденциясының алдында өтті.
Рәсімде Құрмет қарауылының бастығы мемлекет басшысына рапорт берді. Кейін президенттің бұйрығымен еліміздің мемлекеттік туы көтеріліп, әнұран орындалды.
Биыл ұлттық мереке ретінде қайта жаңғырған Республика күнін ел көлемінде атап өту осындай салтанатты шарамен басталды. Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өңірлерде де жалғасады.
Айта кетейік, қазақстандықтар 25 қазанда Республика күнін тойлап жатыр.
2022 жылдың маусымында Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Ал тәуелсіздік күнін мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізуді ұсынды.
«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», - деген болатын Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.
Президенттің тапсырмасы көп ұзамай орындалды. Парламент заң қабылдап, Тоқаев оған 2022 жылдың 29 қыркүйегінде қол қойды.