×

Шекарашылар Қазақстанға келген жолаушыларды ерекше қарсы алды (ВИДЕО)

Алматы мен Астанадағы халықаралық әуежайда жолаушыларға шоколад таратты 

 Халық үні 25.10.2022 | 10:58
Фото: видеодан скриншот

Қазақстанға шетелден келген жолаушыларды шоколадпен қарсы алып жатыр. Шекара қызметі мұны Ұлттық мереке – Республика күніне орай ұйымдастырған.

Осылайша, Алматы мен Астана қалаларындағы халықаралық әуежайда шекарашылар келіп жатқан жолаушыларға қазақстандық шоколадты мерекелік қорапшада ұсынды.

«Қорапшада құттықтау сөздермен қатар ұлттық мереке туралы мәлімет берілген және шекарадан өту сұрақтары бойынша кеңес алу үшін байланыс телефондарының нөмірлері көрсетілген», - деп хабарлады ҰҚК Шекара қызметі.

Айта кетейік, қазақстандықтар 25 қазанда Республика күнін тойлап жатыр.

2022 жылдың маусымында Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Ал тәуелсіздік күнін мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізуді ұсынды.

«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», - деген болатын Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.

Президенттің тапсырмасы көп ұзамай орындалды. Парламент заң қабылдап, Тоқаев оған 2022 жылдың 29 қыркүйегінде қол қойды.

Бұл күн туралы ақпаратты мына жерден оқуға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама