Halyq Uni логотип
×

Тоқаев Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады

Ұлттық мерекеге орай өңірлерде көк байрағымызды көтеруге арналған салтанатты рәсім өтеді

 Халық үні 25.10.2022 | 08:50
Тоқаев Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.

«Құрметті отандастар! Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты. Сондықтан бұл тарихи құжаттың мән-маңызы зор. Біз биылдан бастап Республика күнін ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнда атап өтеміз. Осы бастама жұрттың кең қолдауына ие болып, дәстүрге айналарына сенімдімін», - делінген президент құттықтауында.

Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. 

«Біз Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Барша қазақстандықтар белсене атсалысқанда ғана осы игі мақсатқа қол жеткізе аламыз. Себебі мемлекеттің тірегі де, басты байлығы да – азаматтар! Жаңғырған ұлттық мерекемізге орай өңірлерде бірлігіміздің символы – көк байрағымызды көтеруге арналған салтанатты рәсім өтеді. Бұл – ұрпақ санасында отансүйгіштік қасиетті, елдік рух пен ұлттық ұстанымды бекемдей түсетін маңызды шара. Көк туымыз – егемендік, азаттық, бірлік, бейбітшілік сынды ізгі құндылықтарды ұштастыратын қастерлі рәміз. Біз – байрағын биік ұстаған бабалардың ұрпағымыз. Сондықтан ту көтеру рәсімі ұлттық мерекенің маңызын арттырады», - деп құттықтады Тоқаев.

Президент Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ екенін айтып өтті.

«Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Бағдарымыз –  айқын, мақсатымыз – ортақ.

Біз тәуелсіздік тұғырын биік ұстап, мемлекеттігімізді нығайта береміз. Өйткені Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір», - делінген құттықтауда.

Айта кетейік, қазақстандықтар 25 қазанда Республика күнін тойлап жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама