×

«Мемлекетке масыл болып отырған жоқ» - Қазақстанда қандас мәртебесі қалай беріледі?

Қоғамда тарихи отанына оралған қандастардың қайтадан шетелге көшіп кетіп жатқанына қатысты айтылатын сын-пікірлер бар

 Айнұр Шошаева 23.10.2022 | 11:40
коллаж: Halyq Uni

Биылғы жылдың 9 айында 13 мыңнан астам этникалық қазақ тарихи отанына оралды. Қазақстан Үкіметі шетелдегі қазақтарды елге көшуге ынталандыру үшін бірқатар шараларды қабылдап жатыр деп хабарлады Halyq uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 101,2 мың этникалық қазақ оралған. Биыл 9 айда Қазақстанда 13 362 адам қандас мәртебесін алды.

Қандастардың көбі шекаралас мемлекеттерден келді: 68,7%-ы – Өзбекстаннан, 10%-ы – ҚХР-дан, 7,9%-ы – Түркіменстаннан, 4,6%-ы – Моңғолиядан және 8,8%-ы – басқа елдерден.

Атажұртқа оралған этникалық қазақтар негізінен Алматы (29,9%), Маңғыстау (16,7%), Түркістан (9%) және Жамбыл (6,5%) облыстарында, сондай-ақ Астана (7,8%), Шымкент (7,3%) және Алматы (5,8%) қалаларына қоныстанды.

Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылардың саны 58,9%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші адамдар 27,5%-ды және зейнеткерлер 13,7%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың білім деңгейі бойынша 13,2%-ы жоғары білімді, 38,9%-ы арнайы орта білімді, 46%-ы жалпы орта білімді және 1,8%-ының білімі жоқ, - деді ведомство.

Бүгінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қандастар үшін жасалған қызмет көрсету бөлмелері бар. Онда қандастарымыз үшін мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде ЖСН мен тұруға ықтиярхат алуға, қандас мәртебесін беруге, жеке куәлік және тағы басқа қызметтерді жылдам алуға арналған арнайы жеке терезелер іске қосылған.

Бұл терезелер барлық қызметтерді қас-қағым сәтте, жедел алуға мүмкіндік береді. Әзірге бұл қызмет Астана, Алматы, Орал, Ақтөбе қалаларында қолжетімді. Бірақ жақын арада еліміздің басқа өңірлерінде де іске асыруды жоспарлап отырмыз, - деп жазды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

«Өзін қазақ деп, елімізге келгісі келетіндер бар»

Қазақстанда қандас мәртебесі шетелде тұратын этникалық қазақтарға ғана беріледі. Аталған мәртебені алуға берілген өтініш 3 күн ішінде қаралады. Егер жеке сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда 4 күнде беріледі.

Ата-анасының бірі өзге ұлт өкілі болған жағдайда, шығу елінен әкесінің немесе шешесінің ұлтына өткенін анықтайтын растама алуы керек. Сол анықтаманы алып келгеннен кейін Қазақстанның құзырлы органына құжат тапсырады. Ол мәртебені алу үшін жеке нысандағы өмірбаян толтырылады, жеке куәліктерін ұсынады. Егер ол шет тілде болса, қазақ немесе орыс тіліне аударылып, нотариалдық куәландырылған болуға тиіс, - деді «Отандастар» қоры қандастарды қолдау департаментінің бас менеджері Еркебұлан Меңлібаев.

Еске сала кетсек, бұған дейін Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді шетелде  5 миллионнан астам этникалық қазақ барын және олардың көбісі кәсіпкерлікпен айналысатынын айтқан болатын. Алайда қиырда қанша қазақ барын ешбір мемлекеттік орган білмейді. Себебі оның жеке статистикасы жүргізілмейді. «Отандастар» қоры екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – шетелде тұратын қазақтардың арасында ұлттық мәдениетті жаңғырту, олардың іс-шараларын қолдап, жәрдем беру. Екіншісі – отанға оралған қандастарға консултациялық көмек көрсету. Яғни қандас мәртебесі берілгеннен Қазақстан азаматтығын алғанға дейінгі аралықтағы көмек көрсетумен айналысады.

Шетелдегі қазақтар көбінесе елге көшсе азаматтық алу, қандай қолдау барын білу үшін хабарласатынын айтады. Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Түрікменстан, Ираннан жиі хабарласады. Соғыс басталғаннан бері Ресейден хабарласып жатқандар бар. Бірақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл 13 мың адам қандас мәртебесін алды. Соның ішінде РФ-тен келген 600 қазақ қандас мәртебесін алған екен, - деп қосты ол.

Сондай-ақ қандас мәртебесін алған азаматтарға Үкімет белгілеген көші-қонға басымдық берген өңірлер – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан пен Павлодар облысында тұруға материалдық көмек көрсетеді. Мәселен, отбасының әр мүшесіне 70 АЕК көрсеткішінде бір реттік көмек беріледі. Сонымен бірге тұрғын үйді жалға алу үшін 12 айға 15-30 АЕК аралығында жәрдемақы төленеді.

Қоғамда тарихи отанына оралған қандастардың қайтадан шетелге көшіп кетіп жатқанына қатысты айтылатын сын-пікірлер бар. Қор өкілі оны жағдайдың төмендігі немесе мемлекеттік қолдаудың болмауымен байланыстырмайды.

Әр отбасы – шағын мемлекет. Ішінде түрлі жағдай болуы мүмкін. Мысалы, ауа райы денсаулығына жақпайтын кездер болады. Жаппай көшіп жатқан қандастар жоқ. Мысалы, өткен жылы Иранның Горган қаласынан 80-ге жуық қандасымыз көшіп келді. СҚО-ның Шал ақын ауданында тұрып жатыр. Иранда қыс болмайды, басында «отты қалай жағамыз, пешті қалай тазалаймыз» деген сұрақтары болды. Өйткені бұрын оны көрмеген. Жақында қордың өкілдері Шал ақынға барып келді. Олардың барлығы сәтті бейімделіп кеткенін көріп отырмыз. Көш кезінде кілем тоқу машинасын алып келген екен. Қазір парсы кілемдерін тоқып сатады. Еңбекқорлығы, табандылығымен көп адамға үлгі көрсетіп отыр, - дейді Еркебұлан Меңлібаев.

Сондай-ақ ол қордың мемлекеттік органдарға қандастарға тіл оқыту курстарын үйрету бойынша айтқан ұсыныстарына тоқталып өтті.

«Мәселен, бізде құжат айналымы қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Ал кейбір қандастарымыз төте немесе парсы тілдерінде жазады. Ана тілінде сөйлеуді өздері де біледі. Біз оларға сауатты жазуды үйретуді ұйымдастырамыз. Барлық облыстарда тілдерді дамыту басқармаларына қарасты тілдерді дамыту орталықтары бар. Ол мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқытады. Сол орталықтардың ережесіне шетелден келген қандастарымызға тіл оқытуды қосу бастамасы көтерілді», - деп толықтырды спикер.

Бұған қоса, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру керек деп есептейді.

Баспананы жалға алып тұруға берілетін сома аз. Салынып жатқан үйлердің бағасы 10-20 млн аралығында шығар. Бірақ оның сапасы сын көтермейді. Сондықтан тұрғын үйді жаңадан салғаннан гөрі, сол өңірден нарықтағы үйді сатып алу тетіктері енгізілсе жақсы болар еді. Сонда мемлекеттік бюджетке салмақ азаяды деп ойлаймын. Салынғанына 10-15 жыл болған, сапасы жақсы арзан үйлер бар. Сапасы нашар жаңадан салынған бір үйді сатып алғаннан гөрі, сапасы жақсы бірнеше үйді алған тиімді деп есептеймін, - деді қор өкілі.

Оның пікірінше, Моңғолиядан келген қандастар мал шаруашылығына, Өзбекстаннан келгендер бау-бақша өнімі, Қытайдан келген бауырлар сауда-өнеркәсіпке бейім келеді.

«Олар масыл болып, мемлекеттің мойнында отырған жоқ. Еңбек етіп, экономиканы көтеріп, демографияны дамытып жатыр. Қандастарды отанға шақыру – 30 жылда өзін ақтаған, стратегиялық маңызды жоба. Кейде оларға қатысты жаңсақ пікірлер айтылып жатады. Алайда олармен тікелей күнделікті жұмыс істейтіндіктен, білеміз. Олар мемлекеттен берілетін аз ғана көмекті қанағат тұтып, еңбектеніп, кәсіп ашып, жұмыс істеп жатыр. Бірде-біреуі көмір мен дәрі-дәрмекке ақша сұрап келген емес. Тек өзінің жүріп-тұруын заңдастыруды, азаматтықты қалай алатынын сұрап келеді. Масылдық көзқарас көрген емеспін», - дейді Еркебұлан Меңлібаев.

Сондай-ақ ол өзін қазақ деп көрсету арқылы елімізде қандас мәртебесін алуды көздейтін өзге ұлт өкілдері барын айтады.

«Мен қазақпын деп сөйлеп келгеннің бәрі қазақ деп ойлаймаймын. Арнайы құзырлы органдар бар. Солар мұрағаттағы құжаттарды көтеріп, сәйкестендіру арқылы тексереді. Бірақ ұлты анықталып тұрса, С10 визасы беріледі. Өзін қазақ деп көрсетіп, Қазақстанға келіп, қандас мәртебесін алғысы келетін ұлттар да бар. Неге десеңіз, Қазақстан – тұрақты, өмір сүру деңгейі Орза Азия мемлекеттерінің көбіне қарағанда жақсы, позитивті дамып келе жатқан мемлекет. Оның үстіне жері үлкен, ал еңбек күші аз. Бәселекестік көп емес. Сондықтан Қазақстанға келіп тұрғылары келеді. Ондай да бар», - дейді Еркебұлан Меңлібаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама