«Манчестер Юнайтед» Криштиану Роналдуға айыппұл салатын болды
Ол 90-минутта матч аяқталмастан, киіну бөлмесіне қарай кетіп қалған
Әлем футболының жұлдызы Криштиану Роналдуға «Тоттенхэмге» қарсы матчтағы мінез-құлқы үшін айыппұл салынатын болды деп хабарлады Sports.ru.
Talksport ұсынған ақпаратқа сәйкес, «Манчестер Юнайтед» шабуылшыға 720 мың фунт (шамамен 381 миллион теңге) айыппұл салады. Бұл – Криштиану Роналдудың екі аптадағы жалақысы.
Айта кетсек, Англия біріншілігінің өткен турына әлем футболының жұлдызы қатысқан жоқ. Португалия шабуылшысы қосалқы құрамда болғанмен, «Манчестер Юнайтедтің» бас бапкері Эрик Тен Ханг оны алаңға шығармады.
90-минутта Роналду матч аяқталмастан, киіну бөлмесіне қарай кетіп қалды. Оның бұл әрекеті әлеуметтік желіде көптің талқысына түсті. Олардың бір бөлігі шабуылшының әрекетін әріптестеріне және клубқа деген құрметсіздік деп бағаласа, екінші тарап Роналдуды ақтауға тырысқан.