×

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Халықтық коалицияға қосылу туралы шешім қабылдады

Бұл туралы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов хабарлады

 Халық үні 22.10.2022 | 20:50
фото: facebook

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Халықтық коалицияға қосылу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов хабарлады.

Исламбек Салжановтың айтуынша, 20 қарашада қазақстандықтар саяси таңдауын жасап, ұлттық ұстанымын білдіреді.

«Кешеден бері президент сайлауының үгіт науқаны басталды. Ресми деректерге сәйкес, Орталық сайлау комиссиясында тіркелген үміткерлер саны – 6. Енді әрбіріміз саяси таңдауымызды жасап, азаматтық ұстанымымызды білдіретін дауыс беру күні – 20 қараша да алыс емес», - деп жазды кәсіпкер.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы президентінің пікірінше, кезектен тыс сайлау әділ, заң үстемдігі мен ашықтық салтанат құратын қоғам құруға ықпал етеді.

«Мен тәуелсіз еліміз бұдан кейін әділеттілік пен тең мүмкіндіктер жолымен жүріп, адам құқықтары басты құндылық ретінде бекітілген, мемлекеттік аппарат жауапкершілік, заңдылық пен тәртіп қағидаттарын мызғымас сақтап қызмет ететін қоғам құруымыз керек деп есептеймін. Себебі бизнес үшін заң үстемдігі, ашықтық пен қоғам мүшелерінің арасында өзара сенімнің болуы өте маңызды. Мұның бәрін Әділетті, Қуатты және Біртұтас Қазақстанды құру тұжырымдамасынан табамыз», -дейді ол.

Исламбек Салжанов кезектен тыс президент сайлауында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Халықтық коалицияға неге қосылғанын түсіндіріп, Қ.Тоқаевты қолдауға шешім қабылдағанын мәлімдеді.

«Өткенде «AMANAT» партиясының кезектен тыс Съезіне, одан соң «Қ.Тоқаевты қолдау үшін» Халықтық коалиция жиынына қатысқанымды жазғанмын. Колалицияға біріккен 3 партия, 20-дан аса қоғамдық ұйым бірауыздан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Тіркеу талаптарына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясына 400 мыңға жуық адамның қолы жиналды. Әрине, оны қолдаушылар қатары әлденеше есе көп, бірақ тіркелу үшін 118 мыңнан аса қол жеткілікті.

Халықтық Коалиция мақсаттары, идеологиясы, мәртебесі мен мәні әр түрлі азаматтық қоғам институттарын біріктірді. Мен үшін Халықтық коалиция – азаматтық қоғамның үні. Өздеріңіз білетіндей, жуырда мен Қазақстанның Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті лауазымына сайландым. Ақылдасып, біз Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Халықтық коалицияға қосылып, Қ.Тоқаевты қолдаймыз деп шешім қабылдадық», - дейді Исламбек Салжанов. 

Осы орайда кәсіпкер болашақ президент ретінде  Қ.Тоқаевты қолдауға оның Әділетті Қазақстан құру ұстанымы себеп болғанын айтады.

«Қауымдастық көкпар, аударыспақ, бәйге, жамбы ату, теңге ілу, тоғызқұмалақ және т.б спорт түрлерін біріктіреді. Ұлттық спорт – халықтың мыңжылдық тарихы мен мәдениетінен, тұрмыстық салт-санасы мен ғұрып-дәстүрінен тамыр алатын, рухын көтеретін аса маңызды сала. Оған мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, қамқорлық жасалуы – елдікті насихаттаудың, жастарға ұлттық тәрбие берудің және халықаралық аренада Қазақстанның бірегей имиджін қалыптастырудың алғышарты. Бұл тұрғыда Қ.Тоқаевтың халықтың саулығы мен ұлттық болмысты жаңғыртуға қатысты ұстанымы көкейге қонады. Біз осы шешіміміз арқылы елдің тұтастығын, қоғамның бірлігін қалайтынымызды айқындап отырмыз. Біздің таңдауымыз – Әділетті Қазақстан!», - деп қорытындылады ойын Исламбек Салжанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама