×

Жәбірленуші тарапты сот процесінің алдында сатып алмақ болған қорғаушы ұсталды

Ол айыпталушы тараптың ұсынысына көніп, арада делдалдық қызмет атқарған

 Динара Амантай 22.10.2022 | 17:54
Фото: polisia.kz

Қарағандыда жәбірленуші тарапты сот процесінің алдында сатып алмақ болған қорғаушы ұсталды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Қарағанды облыстық ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына белгісіз бір қорғаушының заңсыз әрекеті туралы ақпарат түскен.

Белгілі болғандай, заңгер аса ауыр қылмыс бойынша жәбірленуші тараптың қорғаушысы болған. Ал қылмыс жасаған айыпталушы тарап қорғаушыға қомақты қаражатқа жәбірленушінің жауабын өзгертіп, сотта жалған жауап беруін өтінген. Сондықтан да қорғаушы айыпталушы тараптың бұл ұсынысына көніп, арада делдалдық қызмет атқарған.

22 қазан күні Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерімен жүргізілген жедел іс-шаралар барысында 6,5 миллион теңге және 2900 доллар алғаннан кейін 36 жастағы қорғаушы ұсталды. Полиция қызметкерлерімен оның көлігіне жүргізілген тінту жұмыстары барысында тағы да 3100 АҚШ доллары тәркіленіп алынды, – деп хабарлады Қарағанды облыстық ПД бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 422-бабы 4-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама