Саперлер бомбаны залалсыздандыру үшін полигонға алып кетті
22 ақпан сағат 14:30-да Байзақ ауданының полиция бөліміне 29 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, Байзақ ауданы Ақжар ауылынан 15 шақырым жердегі бұрынғы әскери полигон аумағынан снаряд табылғанын хабарлаған.
Табылған жерге полиция департаментінің және «Оңтүстік» ӨңҚ 28349 әскери бөлімінің саперлері барып, хабарламаның растығына көз жеткізді.
Табылған снаряд «ОФАБ-100» жарықшақты-фугасты үлгісіндегі авиациялық бомба екені анықталды.
Саперлер бомбаны залалсыздандыру үшін Жамбыл ауданы Айша бибі ауылының оқу полигонына алып кетті.
Еске салайық, осыдан бірнеше күн бұрын Байзақ ауданына қарасты Түймекент ауылы маңынан ұзындығы екі жарым метрлік жойқын жарылғыш табылды. Табылған жарылғыш зат әскери әуе күштерінің жарылмай қалып кеткен қаруы болып шықты.
2021 жылдың 26 тамызында кешкі уақытта Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймалардың бірінде жарылыс болды. Салдарынан жалпы саны 17 адам қаза тауып, 100 шақты адам жарақат алды. Қаза тапқандардың арасында өрт сөндірушілер, төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің, әскери күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар.
Жарылыстан кейін із-түзсіз жоғалған 34 жастағы Бауыржан Дәуітбаев әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр.