«Қант зауыты қызылша қабылдамай жатыр»: Жамбыл әкімдігі желідегі видеоға пікір білдірді
Зауыттың жұмыс уақытына өзгеріс енгізілді
Әлеуметтік желіде Меркідегі қан зауыты қызылша қабылдамай жатқаны айтылған видео тарады. Жағдайға байланысты Жамбыл облысы әкімдігі пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Желіде тараған видеоның авторы қант зауыты қызылша қабылдамай жатқанын, жүк көлігі 2-3 баған болып тұрғанын айтады.
Әкімдіктің хабарлауынша, 20 қазанда сағат екі шамасында Меркі ауданындағы қант зауытында қызылша қабылдау жұмысы уақытша тоқтаған.
«Оған зауыттағы тәтті түбірді түсіретін арнайы 2 техниканың (бурто-укладочная машина) бірден істен шығуы себеп болған. 21 қазан сағат 14:00-де бұл техникалар жөнделіп, қабылдау жұмыстары жалғасып жатыр», - деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Зауытта қант қызылшасын түсіріп, жинауға арналған 4 техника жұмыс істейді. Одан бөлек, тәтті түбір таситын жүк көліктерін кезек күттірмес үшін арнайы орынға өнімді төгуге мүмкіндік беріліп отыр.
Сонымен қатар бұған дейін қабылдау жұмыстары сағат 7.00-ден 20.30-ға дейін жүргізілсе, 22 қазаннан бастан түнгі 00.00-ге дейін жүргізіледі.
Жалпы бүгін 81 128 тонна өнім жиналса, 58 618 тоннасы зауытқа өткізілген.
Тасымалдаушы жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.