Астанада 5 ірі сауда желісі үстемесін 10%-ға дейін төмендетті
Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын төмендетуге мүмкіндік береді
Елордадағы атқарушы органдар ірі сауда желілерімен сауда үстемесін 10%-ға дейін төмендету туралы меморандумдар жасасуды жалғастырып жатыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Астана қаласы сауда департаментінің басшысы Әсел Әбубәкірованың айтуынша, Астанада 30-ға жуық сауда желісі, олардың 203 дүкендері бар.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатумен 21 сауда желісі айналысады. «Вкусмарт», «ФерМаг», «Ақмол», «Астықжан» және «Анвар» брендімен тіркелген 39 сауда нүктесі бар дүкендер желісі Астана әкімдігімен ӘМАТ тізіміндегі өнімдерге сауда үстемесін 10%-ға дейін төмендету туралы меморандумдар жасасты. Осындай меморандумға қол қоюға дайын екенін 82 дүкені бар тағы жеті сауда желісі растады, - деді сауда департаментінің басшысы.
Еске сала кетсек, өткен аптада Шымкент қаласы, Алматы, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Абай, Түркістан облыстары, ШҚО, БҚО сияқты өңірлер «Магнум», «Small», «Анвар», «Астықжан» және т.б. ірі сауда желілерімен 60-тан аса меморандумға қол қойды. Осы аптада Астана қаласы мен Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары меморандумға қол жеткізді.
Айта кету керек, меморандумдарға қол қою, баға белгілеудегі маңызды кезеңі болып табылады. Қазір 15% сауда үстемесі меморандум шеңберінде 10%-ға дейін төмендейді. Бұл Қазақстанның ірі сауда желілерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.