Дене шынықтыру пәнінің 1600-ден аса мұғалімі біліктілігін тегін арттыру курсынан өтеді

Динара Амантай

Курстарды аяқтаған мұғалімдер тест тапсырып, мемлекеттік үлгідегі сертификаттарды алады

Фото: Halyq Uni

Қазақстанда дене шынықтыру пәнінің 1 630 мұғалімі тегін біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Бұл курстарды Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығы ұйымдастырып отыр деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 3 қазанда басталған курстар 2022 жылғы 9 желтоқсанға дейін жалғасады. Дене шынықтыру пәнінің 370 мұғалімі қатысып жатқан сабақтардың бірінші легі Астана, Қарағанды, Павлодар, Жетісу, Солтүстік Қазақстан облыстарында өтіп жатыр.

Дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің жұмыс сапасы мен кәсіби деңгейін арттыру мақсатында біз екінші жыл қатарынан арнайы әзірленген курстарды өткізіп жатырмыз. Былтыр бұл курсты 950 мұғалім оқыды. Бүгінде еліміздің 5 өңірінде курс өтіп жатыр. Алдағы уақытта курсты өткізу жері бүкіл республиканың ауқымына дейін кеңейеді. Мұғалімдердің сұраныстары негізінде оқыту екі тілде ұйымдастырылады. Ұстаздарымыздың кәсіби деңгейін арттыру – басты міндеттердің бірі, – деді Ұлттық дене шынықтыру ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Сағдат Садықов.

Курстарды аяқтаған мұғалімдер тест тапсырып, мемлекеттік үлгідегі сертификаттарды алады.