Ұлытауда бұралқы иттер қорадағы қойларды қырып кеткен
Бұған дейін қозы-лақты сүйреп әкетіп те жүрген
Ұлытау облысында қаңғыған иттер ұсақ малға ауыз сала бастады. Түнде Ұлытау ауылы тұрғының қорасына түскен иттер 10 шақты қойды талап өлтіріпті.
Таң ата қойды өріске айдауға шыққанда мал иесі сұмдық көрініске тап болған. Иттер адамды көре сала жан-жаққа қашыпты. Қойлардың бір бөлігі шарбақты бұзып, далаға шығып кеткен екен. Қалғанын бұралқы иттер жемтік қылып, біразын қанжоса етіп талап тастаған. Онымен қоймай, көрші үйдің де қорасына кіріп, екі ешкісін өлтіріп тастаған.
Таланған қойларды бауыздағанмен, ит тісі тиген ет жеуге келмейтіні мәлім. Мал иесі соңғы кездері қаңғыған иттер ауылдың берекесін кетірді дейді. Бұған дейін қозы-лақты сүйреп әкетіп те жүрген көрінеді.
Осы оқиға бойынша Ұлытау селолық округінің әкіміне өтініш хат жаздым. Әкімнің жауабына қарасақ, заң жүзінде иттерді атуға, улауға болмайды екен. Ал егер ол иттер малға емес, адамға, балаға шапса, не болады? Қырылған малдың құнын кім төлейді? - деп ашынды ауыл тұрғыны Жандос Қапет.