Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы Өзбекстаннан оралған
Биыл 1 қазандағы жағдай бойынша 13 362 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 101,2 мың этникалық қазақ оралған.
Осы жылдың басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (68,7%) Өзбекстаннан, 10%-ы – ҚХР-дан, 7,9%-ы – Түркіменстаннан, 4,6%-ы – Моңғолиядан және 8,8%-ы - басқа елдерден.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (29,9%), Маңғыстау (16,7%), Түркістан (9%) және Жамбыл (6,5%) облыстарында, сондай-ақ Астана (7,8%), Шымкент (7,3%) және Алматы (5,8%) қалаларына қоныстанған.
Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылардың саны 58,9%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші адамдар 27,5%-ды және зейнеткерлер 13,7%-ды құрады.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың білім деңгейі бойынша 13,2%-ы жоғары білімді, 38,9%-ы арнайы орта білімді, 46%-ы жалпы орта білімді және 1,8%-ының білімі жоқ.