Адам шығыны жоқ, ешкім зардап шекпеген
Әлеуметтік желіде Өзбекстанның Сырдария облысында болған жарылыстың видеосы жарияланды. Podrobno.uz сайтының хабарлауынша, жарылыс Қазақстан шекарасына жақын маңда орналасқан әскери қоймада болған.
Өзбекстан Қорғаныс министрлігі бұл оқиға 22 қазанда таңғы сағат 4.55-те Мәлік елді мекеніндегі әскери қоймада болғанын хабарлады. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр екен.
Өзбекстан тарапының хабарлауынша, жарылыстан зардап шеккендер жоқ. Алайда әлеуметтік желіде тарап жатқан видеода қатты дүмпу салдарынан қоймаға жақын маңда орналасқан үйлердің терезелері сынып, кейбір пластикалық құрылымдар қирағаны байқалады.
Halyq Uni тілшісі осы мәселеге қатысты Қазақстан Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласты. Алайда, ведомство өкілдері Қазақстан аумағында жарылыс фактісі тіркелмегенін, әзірге мұндай ақпарат түспегенін айтты.
Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметінің хабарлауынша, жарылыс 22 қазан таңғы 05:51 шамасында болған. Мақтаарал ауданының Өзбекстанмен шекаралас аумақтары тұрғындарына көрші ел тарапынан қатты жарылыс болғаны естілген.
Ауданның төтенше жағдайлар комиссиясы шұғыл түрде Жамбыл, Бірлік, Иіржар, Еңбекші ауылдық округтері мен Атакент кенті бойынша зардап шеккен әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді анықтау бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр, - деп хабарлады Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметі.
Кейінірек Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігі жарылыс салдарынан 16 адам зардап шеккенін хабарлады.