Олар әртүрлі салада еңбек етеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында мемлекеттік наградалар туралы Жарлыққа қол қойды деп хабарлады Ақорда.
Республика күні – ұлттық мерекесі қарсаңында Қазақстан президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар.
Қазақстанға сіңірген зор еңбегі үшін «Халық қаһарманы» атағы мемлекет және қоғам қайраткері Қайырбек Сүлейменовке, әлеуметтік-гуманитарлық дамудағы және өндірістік қызметтегі аса үздік жетістіктері үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы көрнекті жазушы Дулат Исабековке және «АтырауАгроӨнімдері» ЖШС-нің директоры Владимир Розметовке берілді.
«Отан» орденімен Қалыбек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының артисі К.Әспетова және «Алтын–Әсел» ЖШС-нің директоры Х.Өтеуұлы, І дәрежелі «Барыс» орденімен – қоғам қайраткері М.Әуезов, «Жұлдыз» журналының бас редакторы М.Құлкенов, «Автомобиль жолдары басқармасы» ЖШС-нің директоры М.Үдербаев, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен – ақын Ө.Оралбаев, М. Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры Ш.Жанаева, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен – Қазақстандық заңгерлер одағының төрағасы С.Ақылбай, «Ұлттық өнер» ЖШС-нің директоры Т.Бурмистрова, белгілі қоғам қайраткері Ж.Құлекеев, Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының артисі С. Өтемісұлы, «Экономика институты» РМК-нің бас директоры Ә.Сатыбалдин және басқалар марапатталды.
Белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлерінің, өндіріс саласы өкілдерінің еңбегі «Парасат» орденімен атап өтілді. Олардың арасында «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік орталығы» АҚ бас директоры С.Әдекенов, «Шымкентмай» АҚ президенті Д.Адырбеков, еңбек ардагері Ж.Аманбаев, Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының директоры С.Ахметов, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Р.Баталов, «Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректоры Ғ.Байтоқ, «А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты» РМҚК бас ғылыми қызметкері Т.Жанұзақов, ақын Р.Бүркітбаева, «Дінмұхаммед Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы» мекемесінің ректоры Ө.Жалаири, «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті» КеАҚ профессоры Б.Кәрібозұлы, «Н.Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры» РМҚК жетекші актрисасы В.Крымская, «Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты» РМК бас директоры Д.Мәсімханұлы, саясаттанушы Б.Нұрмұхамедов, «Астана медицина университеті» КеАҚ кафедра меңгерушісі Р.Рақымжанова, М. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандық филиалының директоры А.Сидорович, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Н.Өтпенов бар.
ІІ дәрежелі «Достық» орденіне «Татнефть» ААҚ бас директоры Наиль Маганов, «Астана» халықаралық қаржы орталығы» АҚ халықаралық төрелік орталығының төрағасы Барбара Доманн, Моңғол ғылым академиясы Археология институтының бөлім меңгерушісі Алтангэрэлийн Энхтор және басқалар ие болды.
«Құрмет» орденімен марапатталғандар қатарында «Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалары архиві» РММ бас сарапшысы Л.Ақтаева, «Республикалық қан орталығы» РМК директоры Д.Бекиров, «Казахстанская правда» газетінің Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша меншікті тілшісі Л.Доброта, «Павлодар қаласының № 16 мектеп-лицейі» КММ мұғалімі Ж.Жақсылықова, Үржар ауданының № 2 аудандық ауруханасының бас дәрігері Н.Жақиянова, «Алатау» театрының директоры Р.Заитов, «Мирас» ШҚ басшысы Б.Қарабаев, Жетісу облысының олимпиадалық резерв дайындау орталығының директоры М.Мамыров, «Ядролық физика институты» РМК бас инженері А.Мартюшов, еңбек ардагері М.Сүлейменов бар.
Өнеркәсіп, транспорт, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа материалдық өндіріс салаларының 76 жұмысшысы мен еңбеккері, оның ішінде 2 еңбек династиясының өкілдері «Еңбек Даңқы» орденінің иегері атанды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениеттің 28 көрнекті өкіліне берілді. Қазақстанның Құрмет грамотасымен 260 адам наградталды.
Сондай-ақ Президенттің Құрмет грамотасы жас композитор, музыкант, түрлі халықаралық байқаулардың жеңімпазы, қазақ ұлттық өнер мектебінің оқушысы Нұрислам Доспайға да берілді.
Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы ІІ дәрежелі «Даңқ», ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Наградталғандардың тізімі жергілікті баспасөзде жарияланады.