«Есік ашқандарды өлтіріп, тонап кетеді»: Желіде тараған ақпарат рас па?
Мәтіні осындай, бірақ суреті басқа ақпарат 2016 жылы сайттар мен форумдарда жарияланған
Қазақстандықтар әлеуметтік желіде пәтерлерді аралап, арзан ыдыс-аяқ сатып алуды ұсынып, есік ашқан адамдарды өлтіріп, тонап кетіп жатқан қарақшы-маньяк туралы ескертіліп жатыр. Ақпараттың рас-өтірігін Stopfake.kz анықтады.
«Мәтіні осындай, бірақ суреті басқа ақпарат 2016 жылы сайттар мен форумдарда жарияланған болатын. Ол кезде маньяк туралы ескерту Башқұртстанда тараған еді. Ол өтірік болып шықты, бұл туралы ресейлік БАҚ-тар да жазды.
Ал дәл бүгінгідей хабарлама 2018 жылдың басында шыққан. Ол кезде тонап, өлтіріп кететін адам туралы Хромтау тұрғындарына ескертілді. Бұл ақпарат басқа қалалардың тұрғындары арасында да тарай бастады. 2020 жылдың ақпанында хабарлама Украинада тарады, бірақ ол тез арада жоққа шығарылды», - делінген Stopfake.kz сайтында.
Мәлім болғандай, мұндай маньяктың бар екендігі туралы факті не Қазақстанда, не Ресейде, не Украинада расталмады.
«Сондай-ақ оның бірде-бір «құрбаны» анықталмады. Қорыта айтқанда, ақпарат – сегіз жыл бұрын Желіде тараған – фейк», - деп түйінделген сайтта.