ОСК тағы үш азаматты президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартты
Кезектен тыс президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өтеді
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынылған Бақыт Жаңабаев, Нұржан Әлтаевты, Жұматай Әлиевті тіркеуден бас тартты. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бақыт Жаңабаев 2022 жылдың 3 қазанда «Қазақстандық футбол әуескерлері лигасы» қоғамдық бірлестігінен ҚР президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды.
Нұржан Әлтаев «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан кандидат ретінде ұсынылған.
«Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі атынан Жұматай Әлиев құжаттарын тапсырған.
Заң бойынша, президенттікке кандидат болу үшін ұсынылған азамат 118 273 қол жинауы қажет.
«2022 жылдың 3 қазанда тиісті мемлекеттік органдардан алынған мәліметтер мен лингвистикалық комиссиясы қорытындысы негізінде Бақыт Жанабаевтың ҚР орталық сайлау комиссиясымен кандидаттың заңнама талаптарына сәйкестігі анықталды. Сол күні кандидатқа қол жинау үшін қол қою парақтары берілді. Ол 58 889 қол жинады. 4 054 қол сенімді деп танылды. Бұл сайлаушылар санының 1%-ына жетпейді», - деді ҚР ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина.
«Нұржан Әлтаев 2022 жылдың 6 қазанында «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан кандидат ретінде ұсынылған. 11 қазанда ОСК-ға «Мұқалмас» бірлестігінің жалпы отырысының ҚР президенттігіне кандидат ұсыну жөніндегі 2022 жылдың 6 қазандағы №19 хаттамасының қолданылуын сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін қолданылуын тоқтату туралы Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы сотының ұйғарымы келіп түсті», - деді ҚР ОСК мүшесі Шавкан Өтемісов.
Соттың ұйғарымы орындалып, ОСК президенттікке кандидат Әлтаевтың сәйкестігін белгілеу рәсімін тоқтата тұрды.
Осылайша, ОСК Нұржан Әлтаевты президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартты.
Орталық сайлау комиссиясы Жұматай Әлиевті президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулыға қол қойды. ОСК мүшесі Анастасия Щегорцованың айтуынша, Әлиев ұсынған құжаттардың ішінде денсаулығының жай-күйінің медициналық қорытындысы белгіленген заңға сәйкес келмеген.
«Кандидатты қолдау үшін 187 723 қол жиналды. Тексеру нәтижелері бойынша 36 776 қол рас деп танылды. Бұл сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызына жетпейді», - деді Анастасия Щегорцова.
Осылайша, 2022 жылдың 20 қарашасында өтетін Қазақстан президентін кезектес тыс сайлауына Халық коалициясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан Жигули Дайрабаев, «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қарақат Әбден, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Салтанат Тұрсынбекова, Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы Нұрлан Әуесбаев, «Аманат» Қазақстанның кәсіподақтар ынтымақтастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі атынан Мейрам Қажыкен қатысады.