×

ІІМ өкілі Тұрғымбаевтың отставкасын жоққа шығарды

Ол штаттық режимде жұмыс істеп жатыр, деді ведомство

 Айнұр Шошаева 23.02.2022 | 14:30
фото: ашық дереккөзден

Ішкі істер министрлігі ведомство басшысы Ерлан Тұрғымбаевтың отставкасына қатысты ақпаратты растамады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың отставкасы туралы мәлімет шындыққа жанаспайды. Ведомство басшысы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр», - делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан деректе. 

Еске салсақ, 22 ақпанда анонимді телеграм каналдар мен әлеуметтік желілерде Тұрғымбаевтың отставкаға кеткені туралы мағлұмат тараған болатын. Фейсбук желісінде бұндай жаңалықты қоғам белсендісі Тоғжан Қожалы жазды.

ЕРЛАН ТҰРҒЫМБАЕВ

Ішкі істер министрі болып 2019 жылғы 12 ақпанда тағайындалды.

Ерлан Заманбекұлы 1962 жылы Алматыда туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін (1984) заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша; әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қаржы және несие факультетін (2003) экономист мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1984 жылы Қарағанды облысы ІІБ Саран аудандық ІІБ қылмыстық іздестіру бөлімшесінің жедел өкілі болып бастаған.

Әр жылдары тергеуші, аға тергеуші, тергеу бөлімі бастығының орынбасары, ІІББ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.

2000-2006 жылдары ІІМ 9-шы департаментінің бастығы, ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы, ІІМ Тергеу комитетінің төрағасы болған.

2006 жылғы шілдеде Алматы қаласы ІІД бастығы қызметіне тағайындалған.

2012 жылдан бері Ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама