40 автобус және Оқушылар үйі мен жаңа баабақша пайдалануға берілді
Республика күнінде қызылордалықтарға айрықша тарту жасалды. Бір мезетте бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға беріліп, балаларға қуаныш сыйлайтын жаңа спорт-ойын алаңдары ашылды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ тұрғындарын мерекемен құттықтап, игі тілегін арнады.
«Барша жерлестерімді қайта оралған ұлттық мерекеміз - Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Араға 13 жыл салып, Президентіміздің жарлығымен Республика күні Ұлттық мереке болып халықпен қайта қауышты.
Бұл тарихи мәні жоғары, идеологиялық салмағы ерек айтулы күн еліміздің бүгіні мен ертеңіне адал қызмет ететін, ерен істер мен елеулі бастамаларды жалғастыратын барша азамат үшін маңызды», - деді Н.Нәлібаев.
Мерейлі мерекеде қоғамдық көліктер қатары жаңа 40 автобуспен толықты. Бұған дейін Қызылорда автобус паркіне «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жаңадан лизингке 150 дана автобус алуға 1,43 млрд теңге қаржы бөлінген. Соның аясында өткен айда 21 жаңа автобус алынды. Ал, қараша айында қалған жаңа көліктер келетін болады.
Өңірде облыс әкімінің бастамасымен «Балалар жылына» арналған демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд теңгені құрайтын қала, аудан ішінде 80 спорт-ойын алаңы бір мезетте тарту етілді.
Республика күні қарсаңында туған жерге жанашыр меценаттың қаржысы есебінен Жаңақорған ауданында құны 790 млн теңгені құрайтын заманауи демалыс паркі ашылды. Ал, Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында 350 млн теңгеге «Еңбекшілер аллеясы» бой көтерді.
Аймақта білім саласының дамуына тілеулес меценат азаматтардың мектеп, балабақша ашу ісіне ынтасы жоғары. Республика күнінде 300 орындық жаңа балабақша есігін айқара ашты. Жыл соңына дейін тағы 2 мемлекеттік балабақша пайдаланылуға беріледі.
Соңғы 5-6 айдың ішінде жергілікті кәсіпкерлер 9 млрд теңгеге қолдау көрсетіп, ауқымды жобалардың жүзеге асуына дәнекер болды.
Мереке құрметіне Жалағаш ауданында құны 431 млн теңгеге 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі, жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Теңізді өлке Арал ауданында 150 млн теңгеге «Балықшылар монументі» мен аллея ел игілігіне берілуге дайын.
Биыл өңірде 4 жаңа білім ошағы ашылды. Жыл соңына дейін 8 мектеп табысталады. Апатты деп танылған Тоқабай ауылындағы мектеп жеке инвестор есебінен 500 млн теңге қаржыға салынуда. Оқушыларды тасымалдау үшін осы оқу жылында мектептерге 30 автобус беріледі.
Облыста түрік компанияларымен бірлескен ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Биыл қала аумағын жылу және электрмен толық қамтамасыз ететін қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының іргетасы қаланды. Құны 215 млрд теңгеден асатын жоба 2025 жылы аяқталады. Тағы бір түрік компаниясымен жылына 24 мың тонна қызанақ пастасын шығаратын зауыт салу туралы келіссөздер жүргізілуде.
Сыр елінде 1,6 млрд теңгені құрайтын жаңа Неке сарайы, 3,7 млрд теңгеге мың орындық Өнер орталығы, Сол жағалаудың бойынан 2,7 млрд теңгеге Қан орталығының құрылысы жүруде. Белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құрылысы басталған құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығы шаһардың ажарын аша түседі.
Өңірде салынған шыны зауытының күйдіру пеші қажетті температурасына жетіп, 9-қазанда алғашқы сынама шыны өнімі өндірілді. Зауыт айналасынан 8 ілеспе өндіріс дамиды. Зауытта шыны-талшықты, композиттік материалдар және басқа да өнімдер шығарыла бастайды.
Қаланың негізгі қақпасы әуежай да қайта жаңарады. Болат Өтемұратовтың тікелей қолдауымен құны 12 млрд теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда. Қазірдің өзінде өзге де демеушілермен 100 млн теңгеге бұрынғы терминалдың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді.
Балалар үшін тағы бір қомақты сый - Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы» бой көтереді.
Алдағы 3 жылда аймақта «Жайлы мектеп» жобасы аясында құны 70 млрд теңгеге 15 мемлекеттік мектептің құрылысын салу жоспарланған. Оның ішінде 19,6 млрд теңгеге келер жылы 9 білім ошағының құрылысы басталады.
Денсаулық сақтау саласында 2 жыл ішінде 27 жаңа нысан халық игілігіне беріледі. Орталық атқарушы органдармен бірге жасалған орнықты жұмыстардың нәтижесінде 36,4 млрд теңгеге Қызылорда қаласынан көпсалалы аурухана мен емхана тұрғындардың игілігіне қызмет ететін болады.
Аймақта Республика күні салтанатты жиынмен қорытындыланады. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталады.