Өңірдегі медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру қажеттігіне баса назар аударды
Бүгін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қостанай облысына жұмыс сапары шеңберінде бірқатар медициналық ұйымдарға барып, медицина қызметкерлерінің ұжымымен кездесті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Министр алдымен құрамында перинаталдық орталығы бар Рудный көпбейінді ауруханасына барды.
Қалалық көпбейінді аурухана тәулік бойғы стационардың 520 төсегіне, күндізгі стационардың 100 төсегіне, ауысымда 66 адам қабылдайтын тері-венерологиялық бөлімшеге есептелген. Перинаталдық орталықтың құрамында босандыру және гинекологиялық бөлімшелер, сондай-ақ жүкті әйелдер, жаңа туған және шала туған нәрестелер патологиясы бөлімшесі жұмыс істейді.
Перинаталдық орталыққа бару барысында ағымдағы проблемалар, заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, атап айтқанда, аналар мен жаңа туған нәрестелер үшін мониторлар сатып алу, ұрықтың перинаталдық жай-күйін диагностикалау, жаңа туған нәрестелерге шұғыл көмек көрсету, сондай-ақ тыныс алу аппаратурасының жетіспеушілігі туралы мәселе көтерілді.
Министр сонымен қатар қызметкерлерді оқытуға, дәрігерлер мен акушерлердің біліктілігін арттыруға назар аудару маңызды екенін атап өтті.
Аурухананың штатында 1175 қызметкер, оның ішінде 185 дәрігер жұмыс істейді, дәрігерлердің орташа жалақысы 520 мың теңгені, орта персоналдікі 290 мың теңгені және кіші қызметкерлердікі 110 мың теңгені құрайды.
Одан басқа, Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы аурухана басшылығымен көрсетілетін медициналық көмектің кең ауқымы бойынша медициналық көмектің сапасын жақсарту, қала тұрғындарына шұғыл және мамандандырылған медициналық көмектің уақтылы көрсетілуін арттыру мәселелерін талқылады. Бұл ретте жүрек-қан тамырлары аурулары бар пациенттерге білікті көмек көрсете алатын кардиохирургия қызметінің, нейрохирургияның, қарқынды терапияның рөлін ерекше атап өтті.
Министр сондай-ақ медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде аурулардың профилактикасын күшейтудің қаншалықты маңызды екенін еске салып, нормативтік құжаттарды жетілдіру мақсатында ұсыныстар енгізуге шақырды.
Сонымен қатар, Ажар Ғиният 58 жұмыс орнына арналған медициналық бұйымдар, техникалық оңалту құралдары мен медициналық жиһаз өндіретін кәсіпорында болды.
Министр отандық өндірістің қуатын кеңейту және ішкі нарықты зауыт өнімдерімен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.
Ары қарай ол облыстық балалар ауруханасына барып, онда дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлеріне балаларды медициналық көмек көрсетудің сапалы деңгейімен қамтамасыз ету үшін біліктілігін арттыруды, оқудан өтуді қатаң түрде ұсынды.
Жұмыс сапары барысында Министр пайдалануға берудің проблемалық мәселелерін шешу талап етілетін медициналық объектілердегі жөндеу жұмыстарының барысымен жеке танысты.
Жұмыс сапарының бірінші күнінің соңында Министр Октябрь ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға барды. Ол аурулардың ерте профилактикасының маңыздылығын, медицина қызметкерлерін оқыту және біліктілігін арттыру қажеттігін атап өтті.