«Жат ағыммен күресеміз». Түркі мүфтилер кеңесінің ережесі бекітілді
Дін басшылары құжатқа қол қойды
Әзербайжанның Шуша қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы мүфтилер кеңесінің ережесі бекітілді деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі.
Кеңес аясында бірлескен декларация қабылданды. Жиында ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Шушадағы тарихи басқосудың маңызына тоқталды.
Бүгін өздеріңізбен бірге Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің мұсылмандар басқармаларының басшылары осы қалада ережені бекітіп, қол қойылды. Енді Түркі мемлекеттері мүфтилері осы ереже аясында бірігіп, жұмыс істейді... Бүгінгі Әзербайжан жеріндегі үшінші отырыста кеңестің ережесі толық бекітілді. Ереже аясында алдағы уақытта бірқатар ірі жоба, діни теріс ағыммен күрес, тарихи құндылықтарды түгендеу, ғұламалар кеңесінің жиынын өткізу, бабалар жолын жаңғырту жұмыстары күтіп тұр. Сондықтан кеңес жұмысына табыс тілеймін, - деді бас мүфти.
Отырыста Түркі мемлекеттері ұйымы мүфтилер кеңесінің ережесі бекітіліп, дін басшылары құжатқа қол қойды.
Айта кетейік, кеңес ережесінде негізінен түркі дүниесіне ортақ құндылықтарды дәріптеу, отбасы, салт-дәстүр, түркі елдерінен шыққан дін қайраткерлерін насихаттау, жат ағыммен күрес, бірлесе симпозиум мен конференциялар ұйымдастыру, діни әдебиеттер мен түркі тілдерінде тараған шығармаларды таныту сынды мәселелер қамтылды.