Атырауда әйел өз үйінен өлі күйінде табылды
Атырау қаласының Өркен шағынауданында орналасқан жеке тұрғын үйде әйелді буындырып өлтіріп кеткен
Атырауда 59 жастағы әйел өз үйінде өлі табылды. Полиция күдіктіні іздестіруде. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Департамент мәліметінше, қылмыстық оқиға 19 қазанда таңғы сағат 07:45 шамасында болған.
«Атырау қаласының Өркен шағынауданында орналасқан жеке тұрғын үйде әйелді буындырып өлтіріп кеткен. Жасы 59-да. Осы дерекке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген хабарламада.
Қазір полиция қызметкерлері адам өлтірген күдіктіні анықтап, ұстау үшін жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізіп жатыр. Оған Полиция департаментінің жеке құрамы жұмылдырылды.
«Сотқа дейінгі тергеу амалдарын департаменттің жедел тергеу тобы жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды», - деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, күдікті үйден алтын бұйымдарды, ақша мен өзге де заттарды ұрлап кеткен.