×

Алматы облысындағы әйел мен оның 2 жасар қызының өлімі: тұрғындар жолды жауып тастады

Ауыл тұрғындары жолды жауып тастады

 Халық үні 20.10.2022 | 22:55
Фото: Almaty.tv

«Бір үйде 2 бірдей қаза». Алматы облысы Тұздыбастау ауылының жолында жиырма сегіз жастағы әйел мен оның екі жасар қызын көлік қағып мерт болды, деп хабарлайды Almaty.tv .

Жұмысына асығып шыққан марқұмды қарсы бағытқа шаққан мерседес көлігі жаншып өткен. Ал артынша ауыл жұрты жолды бөгеп тастады. Себебі адам қағу фактісі бұл ғана емес. Тұрғындар жылдамдықты шектейтін белгі сұрап, жергілікті билікке талай барған.

Тұздыбастаудағы тас жолға тұрғындардың талабы көп, арызын айтқандарына да талай жыл болған. Алайда әлі тәртіп орнамаған.  

Әйел 2 жасар баласын көтеріп, таңертең жұмысқа шыққан. Алдындағы көліктен озбақ болған жүргізуші соғып, ұшырып жіберген. Екеуі де көз жұмды, – деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Баян Жұмағамбетова.

Куәгерлердің айтуынша, такси ұстап тұрған әйелді көлік қағып, ұшырып жіберген. Ырыққа көнбеген мерседес көлігі аударылып барып әзер тоқтаған. Қазір оқиға орынында тергеу жүріп жатыр.

Зәресі қалмаған жұрт жергілікті биліктің табалдырығын тоздырған. Ол аздай баламыз бес шақырым жүріп, мектепке барады. Кешке қарай жарық жоқ жолдан өтуге мәжбүр дейді.

«Мүмкін ертеңнен бастап балаларымды сабаққа жібермеймін бе деп отырмын Білмеймін. Бүгінгі жағдай есеңгіретіп тастады», – деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Іңкәр Төлегенова.

Ал жергілікті әкімдік аталған көшеге қолдан келгенше жарық орнатқанын алға тартты. Десе де, ол жеткіліксіз екенін растайды.

«Бұл жол республикалық маңызы бар жол «ҚазАвтоЖолға» қарайды. Бұл менің теңгерімімде емес. Олар келіп өлшеп, бес аялдама қоятын болды. Кедергі болатын жылдамдық бәсеңдеткіш жасалады», – деді Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі Мирас Баймолданов.

Жанайқайымыз жоғарыға жетсін деген жұртшылық облыстық полиция департаментін де, Қазавтожол өкілдерін де сынға алды. Болары болып, бояу сіңгенде ғана қозғалады деп кінәлады.

Алматы-Алатау тас жолының бойында 4 шақырым 900 метрде жол апаты болды. Қасбергенова мен оның жанындағы 2 жасар қызды көлік қағып, екеуі де оқиға орынында көз жұмды, – деді Алматы облысы әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұржан Үстеміров.

Ал республикалық тас жолға жауаптымыз деген «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілі жолдың ауыл ішінен өтіп жатқанын ескеру керектігін айтты. Демек, ел сұраған ескертулерді қою бір күнде бітетін шаруа емес.  

«Керекті белгілерін саламыз. Оған енді біраз уақыт керек. Өйткені бүгіннен бастап жоспарды құрып, 10 күннің ішінде барлығын орындауға тырысамыз», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Жасұлан Қалтаев.

Мерседес автокөлігімен адам қаққан азамат ұсталған. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қазір тергеу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама