×

Антикор Семейде зауыт директорының кабинетіндегі 2 құпия бөлме көрсетілген бейнежазбаға қатысты пікір білдірді

Видеода директордың кабинетіндегі 2 құпия бөлме көрсетілген

 Халық үні 20.10.2022 | 19:22
Фото: видеодан алынды

19 қазанда бұқаралық ақпарат құралдарында «Семей машина жасау зауыты» АҚ директоры кабинетінің бейнежазбасы жарияланды.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бейнежазбаға қатысты пікір білдірді. 

Бейнежазбада директордың кабинетіндегі 2 құпия бөлме көрсетілген. Шкафтың артындағы бөлмелердің бірі бильярд ойнайтын жер болып шықты.

Антикордың хабарлауынша, бейнежазбаны «Қазақстан инжиниринг «Ұлттық компаниясы» АҚ басшысы Т.К. Әбдірахманов түсірген. 

«Семей машина жасау зауыты «Қазақстан инжиниринг «Ұлттық компаниясы» АҚ-ның қарамағындағы зауыт болып табылады. «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы ұсынған ақпаратқа сәйкес, кәсіпорынның 2015 жылдан бері жинақталған шығыны шамамен 1,9 млрд теңгені құрайды, ал кредиторлық берешектің өсуі 3 млрд теңгеден асты. Осы жылдың ақпан айынан бастап зауытқа қатысты сот шешімімен 5 жыл мерзімге оңалту рәсімі қолданылды. Кредиторлар комитетінің шешімі бойынша биылғы 25 қазаннан бастап зауытта аудит басталады», -делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта осы фактілер бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке ешқандай материалдар мен өтініштер түскен жоқ.

«Бұл ретте оңалту және банкроттық кезіндегі заңсыз әрекеттермен, сондай-ақ қасақана банкроттықпен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар Экономикалық тергеу қызметінің тергеуіне жатады»,- деп қосты Антикор.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама