Қаңтар оқиғасы бойынша қамауға алынған 6 адам уақытша ұстау изоляторында көз жұмды
Бас прокуратура өкілі Талдықорғанда азапталған Азамат Батырбаев туралы да айтты
Бас прокуратура арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров сұқбат беріп, Қаңтар оқиғасына қатысты тың мәліметтерді айтты.
Ризабек Ожаровтың айтуынша, Бас прокуратура Қаңтар оқиғасына қатысты жауап алу кезінде азаптау фактілері бойынша қылмыстық істерді қабылдап алған. Прокуратураға азаптауға қатысты фактілердің бәрі берілмеген, тек ауыр зардап шеккендер мен өлім жағдайымен аяқталған деректер тапсырылған.
«Бізге жеткен мәлімет бойынша, Алматыдағы уақытша ұстау абақтысында екі адам, Шығыс Қазақстан облысында үш адам және Талдықорғанда бір адам қаза тапқан. Талдықорғанда әлі күнге дейін тергеу изоляторында қамауда отырған – үтік басып азаптау бойынша істі де алдық. Аталған фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, оның нәтижелері туралы міндетті түрде хабарлаймыз. Бірақ мұндай қылмыстар жаппай сипатқа ие емес деп айта аламын», - деді Ризабек Ожаров.