Halyq Uni логотип
×

«Президент тапсырмасы ескерусіз қалды»: Депутат Кіші Аралға қаржы бөлуді сұрады

Тиісті қаржы бөлінбесе, экологиялық апат болуы ықтимал

 Дәурен Ерболат 20.10.2022 | 12:25
«Президент тапсырмасы ескерусіз қалды»: Депутат Кіші Аралға қаржы бөлуді сұрады
Фото: syrboyi.kz

Шұғыл түрде шаралар қабылданбаса, Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін. Бұл туралы Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады. Оның айтуынша, 2005 жылы «Сырдария арнасын реттеу және Кіші Аралды құтқару» жобасы аясында Көкарал бөгеті салынған. Бұл «Ғасыр жобасы» республикалық бюджет пен Дүниежүзілік банк есебінен қаржыландырылды. Алайда бүгінде бөгеттің 200 метрін су шайып кеткен әрі учаскені жедел жөндеу қажет.

«Жобаның сметалық құжаттамасы дайындалып, биыл тамызда мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның құны – 4 млрд 582 млн теңге. 2022 жылғы қыркүйекте республикалық бюжеттік комиссияның отырысында Су ресурстары комитетінің бюджетін қайта бағыттау есебінен жобаны іске асыруға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне 500 млн теңге бөлінді. Алайда 2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте осы жобаны қаржыландыруға қаржы қарастырылмаған. Президенттің Көкарал бөгетін нығайтуға қатысты берілген тапсырмасы ескерусіз қалған», - деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.

Сенатордың пікірінше, қазір Көкарал бөгеті жөнделмесе, салдарынан экологиялық апат болып, 27 млрд текше метр су жиналған Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін.

Осыған байланысты жобаның ауқымдылығы мен маңыздылығын ескеріп, 2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет шеңберінде жоба бойынша құрылыс жұмыстарын аяқтауға қалған 4 млрд 80 млн теңге бөлінуін қамтамассыз етуіңізді сұраймыз, - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама