Қос ел арасында шекараның 30%-ы демаркацияланбаған
Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны шегендеуді аяқтау үшін 2-3 жыл керектігін айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазақстан мен Ресейдің шекарасы 7,5 мың шақырымнан асады. Оның 70%-ы демаркацияланған яғни шегендеуден өткен. Енді қалған 30%-ы таулы аймақта орналасқан. Бұл тағы 2-3 жылдай уақытты алады. Әрине, екі жақтан межелеу процесі біткен. Шекараның қай жерден өтетінін нақты біліп отырмыз. Тек шегендеу процесі қалды, - деді Мұхтар Тілеуберді Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Сондай-ақ ол Каспий теңізіне қатысты осындай мәселе барын атап өтті.
Айта кетейік, 2019 жылғы қарашада Қазақстан-Ресей шекарасын делимитациялау процесі аяқталғаны хабарланған еді. Ресей президенті әкімшілігінің баспасөз қызметі шекараны шегендеу, яғни демаркациялау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, қос ел арасындағы мемлекеттік шекараның 86,7%-ы белгіленгенін нақтылаған болатын.