Украинадағы елшілік Варшаваға көшіріліп жатыр - СІМ
Украинада қанша қазақстандықтың жүргені белгілі болды
Киевтегі елшілік Польша астанасына көшіріледі. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Сондай-ақ Үкімет басшысының орынбасары қазір Украинада 200-ге жуық қазақстандық жүрген болуы мүмкін екенін айтты.
«Бұл жағдайда ақпарат жинау өте қиын. Тізімде 600-800 адам болған. Қазір соғыс жүріп жатқандықтан көптеген азамат Украинадан өз күшімен кетіп жатыр. Сондықтан оларды нақты есебін жүргізу қиын. Бірақ өтініштер түсіп жатыр. Консулдың алдын ала болжамынша, Украинада 200-ге жуық адам (Қазақстан азаматы – автор) болуы мүмкін», - деді Мұхтар Тілеуберді Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Сондай-ақ министр Киевтегі елшілік Польша астанасына көшірілетінін жеткізді.
«Қазақстанның Киевтегі елшілігі жабылып жатқан жоқ. Толық эвакуациялау туралы мәселе көтеріліп жатқан жоқ. Қазір біз елшілікті Варшаваға орналастырып жатырмыз. (Украинадағы – автор) дипломаттар мен қызметкерлердің басым бөлігі Польша мен Молдовадағы елшіліктерге барып, қызмет атқарып жатыр. Дегенмен Киевте Қазақстанның консулы бар. Ол Украинада жүрген азаматтарымызға жан-жақты қолғабыс көрсетіп жатыр», - деді премьер-министрдің орынбасары.
Мұхтар Тілеуберді қазақстандықтарды Украинадан шығаруға елшілік қызметкерлері көмектесетінін атап өтті.
«Контингенттің негізгі бөлігі эвакуацияланған. Польша және Молдоваға адамдарды эвакуациялау үшін шекара ашық. Біздің елшілік шекарадан өту кезінде адамдарға көмек көрсетеді», - деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысының орынбасары.