×

Орталық Азиядағы ең биік «Бұрхан бұлақ» сарқырамасына сай ішімен баратын жол салынады

Жетісудағы ұлттық парктерде құны 3 миллиард теңгеден астам инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ

 Динара Амантай 20.10.2022 | 10:58
Фото: azattyq.org

Жетісудағы ұлттық парктерде құны 3 миллиард теңгеден астам инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс жұртшылығымен кездесу барысында айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оған ірі инвесторлар тартылды. Қорықтарға апаратын жолдар жөнделіп жатыр. Мұнда Орталық Азиядағы ең биік «Бұрхан бұлақ» сарқырамасына сай ішімен баратын жол салынады, - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Алакөл мен Балқаштың туристік әлеуетін арттыру бағытында бірқатар жобалар қолға алынған.

«Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшып-қону жолағы жөнделді. Өткен екі жылда Алакөлде инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бюджеттен 16 миллиард теңге бөлінді. Көлдің жағасында кәріз желісін салу үшін құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балқаштың туристік әлеуетін арттыру үшін бірнеше жоба қолға алынды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетсек, Бұрқан бұлақ - Орталық Азиядағы ең биік, айналасы әсем сарқырама. Ол Жетісу Алатауындағы көркем де қуатты Қора өзенінің аңғарында орналасқан. Төрт қиядан құлай аққан сарқыраманың жалпы биіктігі - 168 метр. Ал көз жететін төменгі үш қиясы - 114 метр. Сарқырама теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасқан.

Сарқырама орналасқан Бұрқан бұлақ өзені Қаратаудан бастау алады. Өзеннің Қора шатқалындағы сағасы биік жартасты белбеумен ағып өтеді. Бұл белбеу өз кезегінде шатқалдың оң жақ бөктерін жиектейді. Сарқырама жартас арасында сумен қайралып қалған  тар науамен ағады. Төменгі жақта науамен аққан су ірі құз шоқысына соғылып, қуатты ағынмен табиғи су алабына құлап қосылады. Тіпті аптап ыстықтың өзінде сарқырама маңында жанға жайлы салқындық сезіледі. Баурайында жайқалған шыршалар мен азиялық аршаның хош иісі мұндағы ылғалды ауаға пайдалы қасиеттер сыйлап, сарқырама маңын табиғи шипажайға айналдырады. 

Бүгінде осы кереметті аңғарған саяхатшылар саны көбейіп, Бұрқан бұлақтың танымалдылығы жыл сайын еселеп артып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама