Көк туды балконға ілгені үшін айыппұл арқалаған азамат халықты флешмобқа шақырды

Халық үні

Бүгінде балконға Көк ту ілу – Қазақстанның барлық азаматы үшін заңды шара

фото: egemen.kz

Еске сала кетсек, 2015 жылы қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің ұлыбританиялық Мартин Мюррейді жеңгеніне риза болған елордалық Жандос Құрманбаев сол сезімін пәтерінің балконына көк байрақты іліп қою арқылы жеткізген еді. Бірақ оның соңы «Мемлекеттік рәміздерді заңсыз пайдалану» бабы бойынша патриот жігіттің 396 400 теңге айыппұл арқалауымен аяқталған еді.

Тіпті, қалалық ішкі саясат басқармасының өкілі мен полицейлер хаттама толтырып, Туды заттай айғақ ретінде тәркілеп әкеткен-ді.

«Мен үшін бұл көп ақша. Заңгерлердің көмегіне жүгініп, шағымданамын. Өз елімнің патриотымын, бірақ биліктің мына әрекетінен кейін, тіпті, елден кетіп қалғым келді», – деп кейіген еді сонда Жандос Құрманбаев.

Сол-ақ екен, әлеуметтік желілерде бірден ‪#‎меніңбайрағым #‎этомойфлаг‬ хэштегі көп қолданылып, Құрманбаевты қолдаушылар өздерінің мемлекеттік байрақпен түскен суреттерін жариялай берді. 

Енді міне, араға 7 жыл салып, Жандос Құрманбаев TikTok-та дәл сол әрекетін тағы қайталады.

2015 жылғы оқиғадан соң өзімді елімде бөтен адамдай сезінген едім. Бірақ қоғамдық қолдау мен резонанстың арқасында бүгінде Туды еркін желбіретуге қол жеткіздік. Әлі есімде, сол күндері мені учаскелік полиция бастығы жиналысқа шақырды. Ол: «Мен сенің жағыңдамын, балам. Бірақ тыныш тұрған қайықты шайқама! Үшінші тарап күштері бұл тақырыпты көтеріп, арандатуы мүмкін. Оған тосқауыл бола алмай қаласың», – деді. Сол күндері мыңдаған қазақ ынтымақтың белгісі, заңға қарсылық ретінде балкон мен терезеге жалау ілсе, бүгінде балконға Ту тігу – Қазақстанның барлық азаматтары үшін заңды шара. Қазіргі жастардың ұлтшыл, Туын шын сүйетінін көріп жүрмін. Олар үшін бұл менен лайфхак: балконға туды қалай ілу керек? Көріп алыңыздар!, – деді Жандос Құрманбаев.

Сондай-ақ ол осы үрдісті барша қазақстандықтарға Республика күні және Тәуелсіздік күні қарсаңында дәстүрге айналдыруды ұсынып отыр.