Бүгінде билет бағасын тұрақтандыру үшін субсидиялар бөлініп жатыр
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қазақстандықтар теміржол мен әуе билеттерін қолжетімді бағада сатып алу үшін жағдай жасалатынын айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство басшысының пікірінше, баға саясаты министрліктің бақылауында.
Біріншіден, әуе және теміржол билеттерінің бағасын субсидиялау бағаны тұрақтандыруға бағытталған. Екіншіден, субсидия халыққа қолжетімді бағамен ұшуға мүмкіндік береді. Негізі билет бағасының алгоритмі – неғұрлым ертерек алсаңыз, соғұрлым арзан болады. Ал билетті кеш алсаңыз, соғұрлым қымбат болады. Осы бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз, - деді Қайырбек Өскенбаев Мәжілістің жалпы отырысында.
Министр шығындардың ұлғаюына теміржол және әуе бағытында жаңа маршруттардың ашылуы себеп болғанын атап өтті.
«Сондай-ақ кездесулерде халық өз пікірін айтқан болатын. Мысалы, жақында мемлекет басшысы Павлодар облысында халықпен кездескенде Астана-Павлодар маршрутын қайтадан ашу керек деген мәселе көтерілді. Осы бағытты қайтадан ашып жатырмыз. Сондай-ақ өңірлерден Тараз-Атырау қосымша маршрутын ашу керек деген ұсыныс түсті. Сондықтан субсидия өсіп жатыр», - деп түйіндеді сөзін министр.