Екі елдің басшысы телефон арқылы сөйлесті
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Украина мәселесіне қатысты Ресей басшылығының ұстанымы туралы айтты.
Ресей президенті Қазақстанмен арадағы достық және одақтастық қатынастарды екі мемлекет халықтарының мүддесіне сай нығайта беруге бейілді екенін нақтылады.
Еске салайық, 21 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Украинаның шығысында орналасқан Луганск және Донецк облыстарын республика ретінде тәуелсіздігін мойындайтыны туралы жарлыққа қол қойды.
Одан бөлек, РФ басшысы аталған екі республика басшыларымен достық, әріптестік және өзара көмек туралы келісімге де қол қойып, ресми рәсімнен соң әңгімелесті.
Мұның алдында Ресей қауіпсіздік кеңесінің отырысы өткен еді. Артынша Путин Франция президенті және Германия федералды канцлерімен телефон арқылы сөйлесіп, осы құжатқа қол қоюға ниетті екенін білдірген. Одан соң Владимир Путин Ресей халқына жасаған жолдауында Украинадан Донбастағы соғыс қимылдарын дереу тоқтатуды, әйтпесе арты қантөгіске ұласып, бар айып өздеріне артыларын ескертті. Сондай-ақ, Батыстан конструктивті жауап болмаған жағдайда, Мәскеу жауап ретінде шара қолдануға толық құқылы екенін жеткізді.
Путиннің қол қойған жарлығына халықаралық қауымдастықтар дереу үн қатты.