×

Павлодарда тәрбиешінің іс-әрекетін көрген ата-аналар оны жұмыстан шығаруды талап етті

Тәрбиеші жұмыстан шеттетілді

 Халық үні 19.10.2022 | 08:42
ашық дереккөзден

Павлодарда №52 арнайы балабақшаның тәрбиешісі бүлдіршіндерді шымшып, жұлқылап, жарақаттаған. Бұл -ақыл-есі кем балаларға арналған мекеме. Қазір мұнда 81 бала тәрбиеленіп жатыр, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Ата-аналарының айтуынша, балалардың денесінде көгерген және тырнақ іздері қалыпты. Осыдан күдіктенген олар бейнебақылау камерасын қараған. Кадрда тәрбиешінің балаларды жұлқылап, кеудесінен итеріп, шымшығаны анық көрінеді. Сол себепті ата-аналар мекеме басшысы мен тәрбиеші жұмыстан кетсін деген талап қойды.

«Мен топқа кірген кезімде тәрбиешінің ұлыма айқайлап жатқанын көрдім. Ал ол мені көрді де, арғы бөлмеге кіріп кетті. Бірден директорға жүгірдім. Бірақ балабақшаның басшысы өз қызметкерін жақтап, олай болуы мүмкін емес. Балаларды ұру түгілі қолынан ұстамаймыз деді. Қазір менің ұлым балабақшаға барғысы келмейді. Ұрсады деп айтады»,- дейді баланың анасы Кристина Калыгач.

Облыстық білім беру басқармасы тәрбиешінің бұл әрекетін растады. Сол үшін оны жұмыстан шеттеткен. Тәрбиешінің ерсі қылығына қатысты полиция әкімшілік іс қозғапты. Ал жұмысына салғырт қараған балабақша меңгерушісіне сөгіс берілді.

«Біз бұл тәрбиешіні жұмыстан босатып, қазір әкімшілік іс қозғалды. Қандай үкім шығатынын көреміз. Қазір мен сіздерге ештеңе айта алмаймын», -деді Павлодар қалалық №52 арнайы балабақша директоры Тілектес Есенова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама