Сәтбаевта сауда орталығының алдында ер адамды атып кетті

Халық үні

Жарақат алған 1998 жылы туған азамат Жезқазған қаласындағы облыстық көпбейінді аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілді

Фото: inform.kz

Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында көшеде ер адамды атып кетті. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Департаменттің мәліметінше, оқиға бүгін тал түсте Сәтбаев қаласының орталығында орналасқан «Ulytau mall» сауда үйінің алдында болған. Оқиға салдарынан бір адам ауруханаға жеткізілді.

Жарақат алған 1998 жылы туған азамат Жезқазған қаласындағы облыстық көпбейінді аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілді. Атылған оқтан оң жамбасына және жыныс мүшелеріне зақым келген. Сонымен қатар арқа тұсы мен екі жауырын аралығына пышақ салынған. Хирургтер көмек көрсетіп жатыр, - деп мәлімдеді Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы.

Ал полиция қызметкерлері жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 18 және 20 жастағы екі азаматты ұстады. Оның бірі көлік рөлінде болса, екіншісі болжам бойынша жәбірленушіге оқ атқан. Ұсталған азамат мойындау көрсетпе белгілерін берді. 

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 24-99-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Айғақ заттар тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Оқиғаға өзге де қатысушылардың жеке бастары анықталды. Қазір оларды ұстау бойынша кешенді шаралар қолға алынған.